Қазақстанда ауыз суды ең көп тұтынатын ұйымдарға қатысты талап күшейді. Жаңа ереже бойынша, көлік жуу орталықтары 2030 жылға дейін суды қайта пайдалану жүйесіне көшуге міндеттелді. Өңірлердегі коммуналдық қызметтер кәсіпкерлерге ескерту жасап жатыр, деп хабарлады 24.kz.
2025 жылдың ортасынан бастап елімізде жаңартылған Су кодексі күшіне енді. Онда ресурстарды үнемдеп, ұтымды пайдалануға басымдық берілген. Әсіресе, суды көп қажет ететін нысандарға ерекше көңіл бөлінген, соның бірі — көлік жуу орталықтары.
Жаңа ереже бойынша, көлік жуатын орталық иелеріне айналымды сумен жабдықтау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу ұсынылады. Бұл жүйенің мәні қарапайым: пайдаланылған су бірнеше кезеңнен тұратын тазартудан өтіп, жұмысқа қайта жұмсалады.
Мамандардың дерегінше, қаладағы шағын көлік жуу орындары айына кемінде 70 текше метр, ал ірі нысандар 250 текше метрге дейін су жұмсайды. Ал жаңа технологияға көшу су тұтынуды кем дегенде үштен бірге азайтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер суды үнемдеу идеясын қолдағанымен, бұл техникалық және қаржылық тұрғыдан оңай қадам емес екенін айтады. Қондырғының құны шамамен 1 млн теңгеден басталады және ол сүзгілеу түрі мен қуаттылығына байланысты өсе береді.
Бұдан бөлек, жүйені орнату үшін көбіне ғимаратты қайта жоспарлау немесе реконструкциялау қажет болады. Бұған қоса сүзгілерді ауыстыру мен жүйелі қызмет көрсету шығындары тағы бар.
Жаңғырту жұмыстары қомақты қаржыны талап ететінін түсінген билік бизнесті қолдау жолдарын қарастырып жатыр. Талқыланып жатқан шаралардың ішінде — қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер бар.