Кинотеатрлардың табысы бәсеңдеп бара жатыр

Кинотеатрлардың табысы бәсеңдеп бара жатыр

2024 жылы кинотеатрлар номиналды табысын бір жылмен салыстырғанда 17,7%, яғни 43,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Өткен жылмен салыстырғанда оң динамика 2,2 есе бәсеңдеді — бір жыл бұрын ол 38,9% құрады, деп хабарлайды статбюро.

Соңғы уақытқа дейін көрсеткіш жыл сайын айтарлықтай өсті. Мысалы, 2021 жылы инфляцияны ескермегенде өсім 131,7%, 2022 жылы 97,5% болды. Мұндай қарқын қатаң пандемиялық шектеулер кезеңінен кейін табыстың қалпына келуімен байланысты болды: 2020 жылы көрсеткіш бірден 3,6 есе төмендеген.

Айтпақшы, 2022 жылдың өзінде-ақ кинодан түскен табыс алғаш рет пандемияға дейінгі деңгейден асып түсті. 

Ал, 2023 жылғы өсім қазақстандық фильмдерге сұраныстың күрт артуына байланысты. Отандық кино (14,7 млрд теңге) шетел киносынан (20,5 млрд теңге) номиналды түрде аз ақша әкелгенімен, өсім шетелдік кино табысының 24,7%-на қарағанда екі есе көп — 58,5% болды.

2024 жылы отандық (17,8 млрд теңге) және шетелдік (24,2 млрд теңге) фильмдерді көрсетуден түскен кірістің номиналды өсу қарқыны шамалас болды – тиісінше 19,3% және 17,8%.