ITS халықаралық сауда алаңы 14 қаңтардан бастап Қазақстанда ITS Shariah (ITSS) индексіне негізделген, яғни, шариғат заңдарына бағынатын ITSS белгісімен ETF акцияларының саудасын бастады.
Биржадан сатып алуға болатын бағалы қағаз құны – $10. Акцияға ие болғандар арасында исламдық қаржыландыру нормаларына сәйкес келетін 30 ірі халықаралық компания бар. Бұл ретте, жаңа валюталық құрал Қазақстан азаматтары үшін ғана емес, өзге де Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Кавказ мемлекеттері тұрғындарына инвестициялық мүмкіндік туғызбақ.
Қор жұмысын бастаған кезде ITSS акцияларын сатып алу мен саудалау бағасы арасындағы айырмашылық шамамен $0,005 болған еді. Қорды басқару үшін комиссия құны – жылына 0,5% шамасында.

ITS атқарушы директоры Александр Диаковскийдың сөзінше, ITSS ETF Инвестициялық стратегиясының негізі – ITS Shariah индексінің активтерін мүмкіндігінше қайталау. Оның портфолиосына кіретін компаниялардың операциялары мен қаржысы исламдық институттар үшін белгіленген критерийлерге сәйкес келеді.
Атап айтсақ, бағалы қағазға ие болғандар қатарына Apple, Microsoft, Tesla, Broadcom, Chevron, PepsiCo, AstraZeneca және т.б. сияқты компаниялар кірді. Акцияның 51%-ы IT-компанияларға, 17%-ы – денсаулық сақтау саласына, 8%-ы – төлем қызметтеріне, 6%-ы – энергетикаға, 16%-ы – тұтыну секторына, 2%-ы – телекоммуникация саласына тиесілі. Алайда, бір ұйымның үлесі 10%-дан көп болмауы тиіс.
Аталмыш бизнестер халықаралық аудиторлық ұйымның қатаң белгіленген нормаларына сәйкес келуі тиіс. Мәселен, несие көлемі нарықтық капитализацияның 30%-дан аспауы тиіс. Қызметі халал болуы шарт. Сондай-ақ, кредиттік кіріс мөлшері 5%-дан кем болуы керек. Мұны Мұхаммед Ибрагим Эсса бастаған тәуелсіз үш директордан тұратын Шариғат кеңесі қадағалайды.
Бұл ретте, Naryk.kz тілшісі Шариғат Байқау кеңесінің басшысы Мұхаммад ИбраҺим Эссамен исламдық қор, халал инвестициялар туралы сұқбаттасқан еді.
— Шариғатқа бағынатын қорларға кімдер инвестиция сала алады? Бұл істе қандай да бір шектеу бар ма?
— Инвестиция құятындардың дініне байланысты ешқандай шектеу жоқ. Яғни, олар мұсылман болмауы да мүмкін. Алайда, инвестор компания шарап жасаумен, доңыз еті және оның өнімдерін шығарумен, сондай-ақ, кино түсірумен айналыстан болса, қабылдай алмаймыз. Өйткені, мұндай компаниялардың айналысатын ісі мен табатын қаржысы халал емес. Мәселен, комиссиялық банктер, сақтандыру компаниялары да инвестиция сала алады. Өйткені, олардың қызығушылықтары харам болғанымен, қаражаттары халал.

— Бүгінде әлемде шариғат инвестициялық өнімдеріне қатысты белгілі бір үрдіс қалыптасқан. Мұның себебі не деп ойлайсыз?
— Белгілі бір тренд қалыптасқаны рас. Өйткені, шариғат талаптарына сәйкес келетін инвестициялық мүмкіндіктер дінге, дінсіздікке қарамайды, көпшілікке арналған. Бірақ шектеу әдеттегі инвестицияларға қарағанда көбірек. Бүгінде әлемде харам дүниелерге инвестиция салғысы келмейтіндер өте көп. Олар этикаға жатпайтын бизнеске инвестиция жасағысы келмейді. Ойын-сауық та сол қатарда. Сол себептен бұл үрдіс ауқымын кеңейтуде. Бір қызығы, ірі инвесторлардың дені мұсылман емес. Ал тұтынушыларымыздың басым бөлігі – мұсылмандар.
— Сіз үшін шариғат қаржы өнімдерінің негізгі құндылығы неде?
— Негізі құндылығы – активтерге инвестициялауда. Шариғат экономиканы дамыту үшін тек қана активтерге инвестициялауға рұқсат етеді. Біз экономикалық «көпіршікке» қаржы құймаймыз. Исламдық қаржы құжаттармен ешқандай жұмыс жүргізбейді. Тек шынайы активтермен ғана жұмыс істейді.
Қоғамға пайдасы жоқ, этикаға жатпайтын шаруаларға инвестиция жасамаймыз. Шылым шығаратын компанияларға қатысты ұстанымымыз да сол. Халық денсаулығына зиян келтіреді. Біздің инвесторларымыз қандай да бір мәселемен бетпе-бет келгенін қаламаймыз. Қару шығаратын компаниялармен де жұмыс істемейміз. Исламдық қаржының таза болғанын қалаймыз.
— Шариғат индексін іске қосу үшін не себепті осы жыл маңызды болды?
— Үлкен инвесторлар доллар сатып алады. Кейін сол долларды үйлерінде сақтайды. Ал доллардың бағамы үнемі өсіп отыратыны бар. Ақшаны үйде ұстайтын заман емес. Егер біз оларға халал инвестицияны ұсынсақ, олар да қаржылық кепілдік ала алады. Бұл үрдістен кешігіп қалмауымыз керек. Осы жылы жұмысты бастау – Қазақстан Үкіметі үшін, Мүфтият үшін оңтайлы болды деп есептеймін. Жергілікті қаржы институттары да қолдау білдіріп жатыр. Олар инвестициялауға уақыт келгенін түсініп отыр.
— Сіздің ойыңызша, Орталық Азияда халал инвестицияларға деген сұраныс деңгейі қандай?
— Орта Азия аймағында халал инструменттерін сенімді түрде енгізуге болады. Неге? Өйткені, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанда халықтың негізгі бөлігі – мұсылмандар. Бірақ мұнда исламдық инвестициялау мүмкіндіктері жоқтың қасы. Сол себепті бұл сұранысы жоғары нарық деп есептеймін. Мәселен, менің білуімше, Өзбекстанда ешқандай исламдық қор жоқ. Исламдық қаржыландыру ісі тек қана Қазақстанда жұмыс істеп тұр. Орталық Азия стартаптарды бастауға өте ыңғайлы аймақ. Нарығы бос. Бүгінде Үкімет, Орталық банктер мен реттеушілер қаржыландыру исламдық құрылғылар арқылы келе алатынына және оның расымен де жұмыс істейтініне көз жеткізіп отыр. Екіншіден, нарықтың сұранысы бар. Және ол жоғары. Сол себепті бұл өңірдің үлкен әлеуетін көріп отырмын. Өйткені, бұл бизнес тұрғысынан тиімді.
— Бұрын ITSS индексінде Google компаниясы болған еді. Өткен аптада болуы қайта теңгерімдеу және Google компаниясы Қор тізімінен шығып қалды. Мұның себебі қандай?
— Иә, осыған дейін Google компаниясы индекс тізімінде болған. Интернет платформасын ұсынатын компанияның қызметі расымен де халал және ол өзгерген жоқ. Мәселе оның табысында болды. Google жарнама арқылы табыс табады. Бұл компания дәстүрлі банктерге инвестиция жасаумен де айналысады. Осы бағытта дәстүрлі инвестициялары мен дәстүрлі несиелеріның құны жоғары болып кетті. Біз ондай шаралармен келіспейміз. Сол себепті тізімнен шығардық. Бүгінде қатарымызда әйгілі Apple компаниясы да бар. Бірақ олар да екі-үш айдан соң шарттарды сақтамай кетуі мүмкін. Біз ондай тұстарды алдын ала болжай алмаймыз. Ірі компаниялардын айрылып қалу біз үшін ешқандай да мәселе емес. Бастысы – шариғат талаптарын ұстану.
— Ислам қорларының қаржылық инклюзияны дамытуға қосқан үлесі қандай?
— Исламдық қаржыландыру – қаржылық инклюзияны құрудың негізгі көзі. Адамдар жинаған қорларын банк депозиттерінде сақтаса, халал жолмен ақша таба алмайтынын біледі. Сол себепті доллар валютасында инвестиция жасап, қаражатты үйлерінде сақтауға мәжбүр. Ал біз арқылы олар халал пайда таба алады. Сөйтіп, олар өмірнің сапасын жақсартады, халал пайда көреді.
— Сұхбат бергеніңізге рахмет!