Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалында экспортқа мұнай тиеуді қайта бастады, деп хабарлады КҚК.
«24–25 қараша түніндегі дрон шабуылдарынан кейін КҚК теңіз терминалында мұнайды тиеу 2025 жылдың 26 қарашасында қайта басталды», — делінген хабарламада.
Консорциум кейінгі күндері жүк жөнелтушілердің Теңіз – Новороссийск жүйесіне мұнай тапсыруы штаттық режимде жүргізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар КҚК кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде консорциум мұнай тиеуді жандандырғаны туралы тараған ақпараттың жалған екенін атап өтті.
Айта кетсек, Каспий құбыр консорциумының Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалының әкімшілік корпусы дрон шабуылы салдарынан зақымданғанын және теңіздегі шығарылған айлақ құрылғыларындағы жүк операциялары мен мұнайды экспортқа тиеу уақытша тоқтағанын хабарлаған еді.