Kaspi 11 қазаннан бастап күшіне енетін жаңа ережелерге қатысты түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, Kaspi Дүкен ішіндегі тауарлар бұрынғыдай бір ғана бағамен көрсетіледі.

Kaspi өкілдері атап өткендей, бұл шешім платформаның құрылымдық ерекшелігіне байланысты қабылданған. Kaspi дүкендерінде сатушылар өз есебінен бөліп төлеу қызметін ұсынбайды.

«Kaspi дүкенінде сатушылар өз қаражаты есебінен бөліп төлеу ұсынбайды. Сондықтан тауар бағасы өзгеріссіз — бір ғана баға көрсетіледі», — делінген компания хабарламасында.

11 қазаннан бастап енгізілетін өзгерістер тек тауарды бөліп төлеуге өз қаржысын жұмсайтын сатушыларға қатысты болады. Kaspi Pay ішкі ережелеріне сәйкес, тауар бағасы төлем әдісіне қарай өзгермеуге тиіс.

Айта кетсек, Сауда министрлігі тауарлар мен қызметтерді сатуда «қос бағаны» міндетті түрде көрсету тәртібін бекітті. Енді дүкендер мен сервистерде бір тауардың екі бағасы жазылады: толық бірден төлеу кезіндегі баға; бөліп төлеу арқылы сатып алғанда шығатын нақты сома.