Кәсіпкерлер актуалды ашық деректерді алып, өз контрагентіне баға бере алады. Жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті салық тәуекелдерін басқару тәсілін жаңартып жатыр. Бұрынғыдай салық төлеушілерді санаттарға бөлудің орнына, енді әртүрлі бағыттар бойынша – салық түрлері, салалар, өңірлер және кәсіпорындар топтары бойынша тәуекелдерді талдаудың икемді жүйесі қолданылады. Бұл туралы МКК баспасөз қызметі хабарлады.

«Контрагенттер бойынша мәліметтер» сервисі салық төлеу режимі, ҚҚС бойынша тіркеу есебі, төленген салықтар сомасы, қызметкерлер саны, салық жүктемесінің коэффициенті, компания басшысы мен құрылтайшылары туралы мәліметтерге, сондай-ақ ЭШФ (электрондық шот-фактуралар) бойынша шектеулердің немесе сенімсіз ұйымдар тізіміне енгізілуінің бар-жоғына сүйене отырып, актуалды ашық деректерді алуға және өз контрагентіне баға беруге көмектеседі.

Ол үшін Комитеттің порталына кіріп, БСН/ЖСН енгізу жеткілікті, ақпарат бірден қолжетімді болады.

Сондай-ақ, МКК бұл сервисті салық төлеушілердің ұсыныстары мен қажеттіліктерін ескере отырып, үнемі жақсартылып, жетілдірілетінін атап өтті.