Қазақстан қор биржасының (KASE) алаңында KASE индекстеріне негізделген еліміздегі алғашқы биржалық инвестициялық қорлардың (ETF) пайлары саудасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2025 жылдың соңында еліміздің жетекші инвестициялық компанияларының бірі – BCC Invest KASE-мен бірлесіп, Қазақстанда KASE индекстеріне негізделген алғашқы екі ETF-қорды құрып, оларды тіркеді. Бұл қорлар еліміздегі алғашқы индекстік қорлар болды.
«KASE индексі» қоры KASE индексінің құрылымын, яғни қор биржасының премиум-санаттағы акциялар тізімін толықтай көрсетеді. Бұл қорға инвестиция салу KASE-нің үздік эмитенттерінің тартымды портфеліне қол жеткізуге және олардың өсу динамикасын қадағалауға мүмкіндік береді.
MBM Index KASE қоры KASE MBM_index индексінің құрамын бейнелейді: қор активтерінің 75%-ы еліміздің ортамерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарына, ал 25%-ы ақша нарығының құралдарына инвестицияланады.
Іске қосатын сәтте қор пайының номиналды құны 1 теңгені құрайды, бұл құралдарға инвесторлардың кең аудиториясы қол жеткізе алады.
«Нарықтың дамуы туралы айтқанда, өтімділік, инфрақұрылым және өнімдер желісі сияқты абстрактілі ұғымдарға жүгіну оңай. Алайда бұл ұғымдардың артында әрқашан нақты бір адам тұрады – брокерлік қосымшаны алғаш рет ашып, қайдан бастау керектігін түсінуге тырысатын инвестор. Ұзақ уақыт бойы бұл сұрақтың жауабы күрделі болып келді. Ал KASE индекстеріне негізделген алғашқы ETF-тердің пайда болуымен инвестициялауды өз елінің индексінен бастау әлдеқайда жеңілдейді. Бұл – бүгінгі іске қосудың негізгі мәні», – деп атап өтті KASE Басқарма Төрағасының орынбасары Айнагүл Ысқақова.
Іс-шараға инвесторлар, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары мен БАҚ өкілдері қатысты. BCC Invest өкілдері – Әлібек Оразақов, Руслан Зерилов пен Мәулен Үсенов іс-шараның спикерлері болды. Модератор ретінде KASE-нің Басқарма Төрағасының орынбасары Михаил Гришко сөз сөйледі.
Сонымен қатар кездесу аясында BCC Invest Басқарма Төрағасының орынбасары Әлібек Оразақовтың қатысуымен Public Talk сессиясы өтті. Сауда-саттық салтанатты түрде гонг соғуымен ашылды.
«BCC Invest үшін ETF-ті іске қосу – компанияның дамуындағы және сенімді басқару нарығындағы позициясын нығайтудың жаңа кезеңі. Индекстік қорларды іске қосу қажеттілігі бұрыннан қалыптасқан болатын, сондықтан өткен жылы тиісті заңнамалық өзгерістер қабылдануын құптаймыз. Бұл қорлар KASE алаңына жаңа өтімділік ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді және Қазақстандағы капитал нарығының дамуына серпін береді деп сенеміз», – деп атап өтті BCC Invest Басқарушы директоры Руслан Зерилов.