Автор: Салтанат Игенбекова, Halyk Finance
2025 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша сауда секторы биылғы жылғы ең жоғары өсім көрсеткішін көрсетті. Бұл негізінен көтерме сауда есебінен болды. Онда азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік мақсаттағы өнімдер басым. Халықтың нақты табыстарының қысқаруына және тұтынушылық несиелеу өсімінің баяулауына қарамастан, бөлшек сауда да өсім қарқынын жеделдетті. Бұл жағдай мұндай өсімнің көздері туралы сұрақтар туындатады.
Көтерме сауда сектордың негізгі драйвері болып отыр. Бұған мұнай өндіру көлемінің артуы, ішкі нарыққа сатылымның өсуі және экономиканы фискалдық ынталандыру аясында өндірістік азық-түлік емес тауарларға сұраныстың жоғары болуы әсер етті. Алайда мұндай өсім моделі ұзақ мерзімді перспективада тұрақты бола алмайды, себебі ол шикізат секторына және бюджет есебінен экономиканы қолдауға тәуелді.
Біз биылғы жылдың соңына қарай көтерме де, бөлшек саудада да өсім қарқынының баяулайды деп болжаймыз. Бұған жоғары база әсерінің әлсіреуі, халықтың нақты табыстарының төмендеуі, тұтынушылық несиелердің өсу қарқынының баяулауы және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің азаюы (фискалдық ынталандырудың төмендеуі) себеп болады.
Қазақстандағы ішкі сауда экономикадағы негізгі салалардың бірі саналады, оның үлесі елдің ІЖӨ-нің 16,4%-ын құрайды. 2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша, Ұлсттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, сектордың өсімі 9,0% жылдық есепте көрсетілген – бұл биылғы жылғы ең жоғары көрсеткіш болды (2025 жылғы қаңтар–қыркүйекте +8,8% ж/ж).
Саланың динамикасын айқындайтын негізгі фактор – көтерме сауда. Ол сектор айналымының үштен екісінен астамын (66,5%) құрайды. Қаңтар–қазан аралығында бұл сегмент жылдық есепте 9,7% өсті, бұл қаңтар–қыркүйектегі 9,6% көрсеткішінен сәл жоғары. Жылдық өсімді көтерме сегменттегі тауар айналымының артуы қамтамасыз етті, мұнда азық-түлік емес және өндірістік тауарлар басым (82,0%). Бұл тауарлар тобының өсімі 12,9%, ал азық-түлік тауарлары бойынша көтерме сауда 2,2% ғана өсті.
Көтерме саудадағы өсім Қазақстан экономикасының жоғары қарқынына байланысты: он ай қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 6,4% ж/ж болды. Көтерме сауданың негізгі драйверлері – тау-кен өндірісі секторындағы динамика және мемлекеттік шығындар есебінен де қамтамасыз етілген инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай артуы.
Бұған дейін атап өткендей, жыл соңына қарай көтерме саудадағы қазіргі өсім деңгейі өткен жылдың жоғары базасына байланысты теңеседі деп күтіледі (2024 жылдың соңында +8,6% ж/ж). Жыл соңына қарай фискалдық ынталандыру да төмендейді, сондықтан көтерме сауда өсімінің қарқыны баяулауы ықтимал.
Сектор құрылымында 33,0% үлесі бар бөлшек сауда да 2025 жылдың он айында биылғы жылғы ең жоғары өсімді көрсетті — 7,4% ж/ж. Бұл қаңтар–қыркүйектегі 7,1% көрсеткішімен салыстырғанда өсімнің жеделдегенін көрсетеді. Негізгі драйвер — азық-түлік емес тауарлар айналымының 7,3% артуы, олардың үлесі бөлшек сауда көлемінің 67,1% құрайды. Азық-түлік тауарлары саудасы да 7,5% ж/ж өсті.
Бөлшек сауданың жоғары өсім қарқынына қарамастан, бұл өсімнің себептері айқын емес, себебі тұтынушылық белсенділіктің негізгі көздері – нақты жалақы мен халық табысының өсуі – төмендеп отыр. Мәселен, 2025 жылдың үшінші тоқсанында нақты жалақы 2% ж/ж төмендеді, ал халықтың нақты табысы да осы динамиканы қайталайды, өйткені жалақы халық табысының 67% құрайды: бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша нақты табыс 0,1% ж/ж азайды. Сонымен қатар реттеушінің шараларының әсерінен тұтынушылық несиелеу де баяулап келеді.
Біз көтерме де, бөлшек сауда да жыл соңына қарай өсім қарқынын бәсеңдетеді деп күтеміз. Бұған жоғары база әсерінің таусылуы, халықтың нақты табысының төмендеуі, тұтынушылық несиелеудің өсу қарқынының бәсеңдеуі және фискалдық ынталандырудың азаюы себеп болады.