2025 жылғы қаңтар–тамыз аралығында құрылыс секторы 18,1% өсіп, 4,85 трлн теңгеге жетті. Бұл – былтырғы 8,8% өсімнен екі есе жоғары көрсеткіш. Алайда Үкімет пен Halyk Finance сарапшылар жыл соңына қарай қарқынның төмендейтінін болжап отыр.
Үкіметтің болжамы және оның негізі
Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында құрылыс өсімі 15%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұған бірнеше фактор әсер етеді: 2024 жылдың соңында Ұлттық қордан ірі көлемде қаражат бөлініп, оның негізгі бөлігі 2025 жылдың алғашқы жартысында игерілді; Алдағы айларда трансферт көлемінің азаюы бюджет есебінен қаржыландыруды қысқартады; Жоғары база әсері байқалады.
Сарапшылардың пікірінше, құрылыс секторының қазіргі серпіні уақытша сипатта, себебі ол негізінен бюджет есебінен қаржыланатын ірі жобаларға тәуелді.
Қай салаларда өсім жоғары?
Сегіз айдың қорытындысында құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі инженерлік нысандарға (52,8%) және тұрғын емес ғимараттарға (30,9%) тиесілі. Жолдар мен автомагистральдер: +35,6%, Темір жол және метро құрылысы: +91,7%, Мұнай-газ құбырлары: +52,7%. Бұл өсімнің басты себебі – Астанадағы LRT, Алматыдағы метро құрылысы және Теңіз кен орнын кеңейту жобасы.
Орта мерзімді тәуекелдер
Сарапшылар құрылыс секторының қазіргі өсу үлгісін тұрақты деп есептемейді. Оның басты себептері:
• бюджет қаражатына шамадан тыс тәуелділік;
• жеке инвестициялар үлесінің аздығы;
• құрылыс секторының экономикадағы ұзақмерзімді драйвер бола алмауы.
Экономиканың құрылымдық тұрғыда орнығуы үшін сарапшылар жеке капиталды көбірек тарту қажет деп санайды. Бұл бюджетке түсетін қысымды азайтып, саланың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Құрылыс 2025 жылы жоғары қарқын көрсеткенімен, алдағы айларда баяулайтыны анық. Сектордың келешегі мемлекет қаржыландыруынан гөрі жеке инвестицияны тартуға байланысты болмақ.
Айта кетсек, бұған дейін Атырау мен Ұлытау облыстарында құрылыс қарқыны баяулап кеткенін хабарлаған едік.