Жиналған қосылған құн салығы былтырғыдан 45,1% көп

Жиналған қосылған құн салығы былтырғыдан 45,1% көп

Биыл қаңтар-мамыр аралығында мемлекеттік бюджеттің кірісі жоспардағы көрсеткіштен артығымен орындалды. Бюджетке 11,4 трлн теңгеден астам қаражат түсіп, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16% көп. Аталған көрсеткіш экономикалық белсенділіктің орнықты серпіні мен бюджет түсімдерінің өсімін байқатып отыр.

Республикалық бюджеттің кірісі 100,9% орындалды.

Жоспар бойынша 7,34 трлн теңге көзделгенімен нақты түсім 7,41 трлн теңгеге артқан. Бұл жоспарланған межеден 66,7 млрд теңгеге жоғары екенін айғақтайды.

Республикалық бюджет кірісінің өсім қарқыны былтырға қарағанда 25,1% немесе 1,48 трлн теңгеге көп.

Жедел деректерге сүйенсек, жергілікті бюджеттердің кірісі 4,05 трлн теңгеге ұлғайған. 2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы кезеңмен салыстырғанда жергілікті бюджеттердің түсімі 95,1 млрд теңгеге немесе 2,4% өскен.

Республикалық бюджеттің кірістер құрылымында (трансферттерсіз) 97,7% салық түсімдеріне тиесілі. Соған сәйкес жоспар 100,5% орындалып, өсім 30,6% аса ұлғайтылды. 

Айтарлықтай өсім қосылған құн салығы (+45,1%), корпоративті табыс салығы (16,0%), пайдалы қазбаларды өндіру салығы (67,4%) және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж есебінен қамтамасыз етілді. Әлемдік шикізат нарықтарындағы қолайлы баға конъюнктурасы, экономиканың өсімі, іскерлік белсенділік пен салық реформасы кірістердің артуына негізгі фактор болды.