Қазақстанда Жасанды интеллект туралы заң толық көлемде қолданыла бастады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ескертті.
ЖИ жасалған контентті таңбалау
Ең маңызды жаңалықтың бірі — контенттің, тауардың немесе қызметтің жасанды интеллект көмегімен жасалғаны туралы пайдаланушыларға міндетті түрде хабарлау.
Заң қос талап қойып отыр: синтетикалық контенттің машина оқи алатын таңбасы және адамға түсінікті ескертуі болуға тиіс. Ескерту ұсақ қаріпсіз, жасырын белгілерсіз немесе техникалық айла-шарғысыз анық көрсетілуі керек. Бұған пайдаланушылар немесе платформалар емес, ЖИ жүйесінің иелері жауап береді. Осылайша заң шығарушылар шындықтан ажырату қиын дипфейктермен, манипулятивті видеолармен және автоматты түрде жасалған материалдармен күресуді көздеп отыр.
Егер бағдарламалар мен цифрлық жүйелер таңбаны автоматты түрде тани алмаса немесе таңба мүлдем болмаса, айыппұл салынады. Бұл норма ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көрсетілген.
Айыппұл мөлшері:
- Жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге);
- Шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК (86 500 теңге);
- Орта бизнеске – 30 АЕК (129 750 теңге);
- Ірі бизнеске – 100 АЕК (432 500 теңге).
Бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейеді:
- Жеке тұлғаларға – 30 АЕК (129 750 теңге);
- Шағын бизнес пен КЕҰ – 50 АЕК (216 250 теңге);
- Орта бизнеске – 70 АЕК (302 750 теңге);
- Ірі бизнеске – 200 АЕК (865 000 теңге).
Ірі компаниялар заңды қайта бұзса, қатаң шара қолданылуы мүмкін: тиісті ЖИ жүйесінің қызметі уақытша тоқтатылады немесе оған толықтай тыйым салынады.
Авторлық құқық
Жаңа заңда авторлық құқық мәселесі де нақтыланған. Заң бойынша, авторлық құқық тек адамның шығармашылық үлесі бар жерде ғана туындайды. Сонымен қатар, егер мәтіндік сұраныстар (промпттар) интеллектуалдық қызметтің нәтижесі болса, олар авторлық құқық объектісі ретінде танылады.
Пайдаланушы құқығы
Заң адамның «алгоритм оның өміріне қалай және неге әсер ететінін» түсіну құқығын бекітеді. Егер ЖИ шешімі пайдаланушының мүддесіне (қызмет алу, қаржы, контент немесе іс-әрекетті бағалау) қатысты болса, ол түсініктеме талап ете алады.
Сонымен қатар адам алгоритм шешімінің қандай деректерге негізделгенін білуге және ЖИ-мен араласу міндетті болмаса, одан мүлдем бас тартуға құқылы. Бұл әсіресе қаржы, онлайн-платформалар мен қызмет көрсету салалары үшін өте маңызды.
Тыйым салынған ЖИ жүйелер
Қазақстан аумағында мынадай ЖИ жүйелерін жасауға және пайдалануға тыйым салынады:
- Манипулятивті немесе санадан тыс әсер ету әдістерін қолданатын;
- Адамның жасын, денсаулық жағдайын немесе әлеуметтік жағдайын (осал тұстарын) пайдаланатын;
- Әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілік жасайтын;
- Адамның келісімінсіз оның эмоцияларын анықтайтын;
- Жеке деректер туралы заңнаманы бұзатын;
- Тыйым салынған контентті жасайтын және тарататын жүйелер.