Желтоқсан айында тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға арналған 339,1 мың өтінім орындалды, олардың жалпы сомасы 221,4 млрд теңгені құрады. Қараша айымен салыстырғанда бірінші көрсеткіш 3 есе, ал екіншісі 2,8 есе өскен. Бұл туралы DATA HUB арнасы жазды.
Желтоқсандағы негізгі бағыт — «Тұрғын үй құрылыс жинақтарындағы салымды әрі қарай жинақтау үшін толықтыру» болды. Тек осы мақсат бойынша желтоқсанда бірден 182 мың өтінім орындалған, бұл қарашадағы көрсеткіштен 4 есе көп. Сомасы 118,8 млрд теңгені құрады, бұл да өткен аймен салыстырғанда шамамен сондай өсім қарқынын көрсетіп отыр.
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға алынған қаражаттың жалпы көбеюіне дәл осы бағыттағы өсім негізгі үлес қосты. Мұнда «Отбасы банкіндегі» жинақтарға жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік сыйлықақы есептеу кезінде желтоқсанның соңына дейін салынған қаражаттың ескерілетіні де белгілі бір рөл атқаруы мүмкін.
Дегенмен, басқа бағыттар бойынша да күрт өсім байқалды: мәселен, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясындағы және одан тыс ипотекалық қарызды ішінара өтеу сияқты маңызды бағыттар да бірнеше есе өскен.
Бұл жерде желтоқсандағы тағы бір оқиғаны еске сала кеткен жөн: айдың бірінші жартысында кейінгі екі жылда алғаш рет көтерілген 2026 жылға арналған зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі жарияланды. 1 қаңтардан бастап бұл шек орта есеппен 10% артты — яғни 2025 жылдың соңына дейін салымшылар қаражатты әлі де бұрынғы шарттармен алып қалуға тырысты.