Футбол клубтары жеке меншікке берілгеннен кейін де мемлекет қаржыландыруынсыз қалмайды. Бірақ бөлінген ақша тек балалар мен жасөспірімдер спортына жұмсалады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің түсіндіруінше, жекешелендіру клубтарды балалар мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысудан босатпайды. Сондықтан бюджеттен балалар мен жастар секциялары қаржыландырыла береді. Ал легионерлерге және кәсіби құрамдарға жұмсалатын шығындарды клубтар мен жеке инвесторлар өз мойнына алуға тиіс.
«Өңірлік клубтар мемлекеттен балалардың бұқаралық спортына, яғни балалар секцияларына, жастар құрамаларына және спортшыларымызға қаржы алады. Легионерлер бюджеттен ақша алмайды. Балалар футболын дамыту аясында өңірлік клубтарға бюджеттік қаражат бөлінеді», — деді министр.
Айта кетсек, Атырау футбол клубы жекеменшік қолға өтті. Батыс өңірдегі ірі логистикалық Ақ-Руно компаниясының иесі Алимбек Мұқанов клубты сатып алу бойынша құжатты рәсімдеуді бастап кеткен.
Оған дейін Қарағандының «Шахтер» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды.
Сондай-ақ «Елімай» футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.
Бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.
Сонымен қатар Астана футбол клубына да инвестор табылғаны хабарланды, бірақ туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвесторлардың бар екенін, алайда рәсімдер толық аяқталғанға дейін олардың атын атай алмайтынын айтты.