Қазақстандық кәсіпкерлер Қырғызстанда заңды тұлға ретінде тіркеле бастады. Отандық бизнесмендер бұл қадамдарын көрші елдегі салық шарттарының әлдеқайда тиімді екендігімен түсіндіріп отыр.
Жақында берген сұхбатында салық сарапшысы Максим Барышев Қазақстан бизнесінің Қырғызстан мен Өзбекстанға үдере көшу қаупі туралы айтты. Оның пікірінше, бұған аталған елдердегі салық заңнамасының либералдығы себеп болып отыр.
Сарапшының айтуынша, Қырғызстанда жеке кәсіпкерлер (ЖК) үшін айналым салығы небәрі 1%, ал ҚҚС (қосылған құн салығы) 12% деңгейінде сақталған. Сонымен қатар қазақстандық бизнес Қырғызстан кәсіпкерлерінен алған қызметтерді шығын ретінде есепке ала алады. Ал Қазақстанда «оңайлатылған» жүйемен жұмыс істейтін бизнеске бірқатар шектеу қойылды.
«Жабық кездесуде Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдері маған біздің «өте жақсы» Салық кодексін енгізіп жатқанымызды айтып, күлді. Олардың сөзінше, соңғы айларда көрші елдерге шетелдік инвесторлардың ағыны артқаны соншалық, мұндай жағдай тәуелсіздік алғаннан бері болмаған», – дейді Барышев.
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов те әлеуметтік желіде ТМД азаматтарына Қырғызстанда ЖК тіркеу бойынша қызмет ұсынатын жарнамалардың жиілеп кеткенін жазды. Ол мұндай тренд Қазақстаннан бизнес ағыны есебінен көрші елде көптеген жаңа кәсіпорынның пайда болуына әкеледі деп есептейді.
Айта кетсек, бұған дейін креатив саладағы бизнестің Өзбекстан мен Қырғызстанға көшіп жатқанын жазған едік. Сауда, логистика, қызмет көрсету, құрылыс, креативті индустрия, шағын және орта бизнес саласындағы компаниялар B2B-ге ұсынылып отырған түзетулерге, яғни, өзара есеп айырысуға енгізілетін шектеулерге және оңайлатылған режимдегі жеке кәсіпкеплермен жұмыс істеуге тыйым салуға қарсы шыққан болатын.
Сонымен қатар сауда, логистика, қызмет көрсету, құрылыс, креативті индустрия, шағын және орта бизнес саласындағы компаниялар B2B-ге ұсынылып отырған түзетулерге қарсы шығып, ұсынылған түзетулер 2026 жылы-ақ жеке кәсіпкерлердің жаппай жабылуына, адамдардың бейресми жұмыспен қамтуға ауысуына және жұмыссыздықтың өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.
Жалпы, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР) енгізіледі. Бұл режимдер салық қана емес, сонымен қатар зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін төлеуін де реттейді.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Тізімде қандай қызмет түрлері жалпы салық режиміне көшуге міндетті екені нақты көрсетілген.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға 40 қызмет түрі бойынша арнайы салық режимін қолдануға рұқсат берілді. Тізімге такси қызметтері, тамақ жеткізу, желілік маркетинг арқылы бөлшек сауда жасау, ағаш ұсталығы, ағаш шеберлігі жұмыстары, компьютерлер мен тұрмыстық техниканы жөндеу, тұрғын үйді жалға беру, фотоқызметтер, ветеринария, тұрғын үйлерді тазалау, шаштараз және сұлулық салондарының қызметтері және басқа да қызмет түрлері кірді.