ЖИ күнделікті қарапайым тапсырмалардан бастап күрделі IT-инфрақұрылым құруға көмектесіп, бизнес-процестерді жеңілдетіп отыр. Бұл жайында Алматыда өткен BeeTech конференциясында Қазақстандағы Beeline бұлтты шешімдерді дамыту бөлімінің басшысы Михаил Пасечный мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, ЖИ ішкі процестерді оңтайландыру үшін қолданылады.
«Егер бұрын демалысты келісу немесе сақтандыру туралы ақпарат алу үшін қағаз талап етсе, енді қызметкерлер мұның бәрін чат-боттар арқылы жасай алады. Бұл компания мамандарына шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге көмектесіп, күрделі міндеттерге назар аударуға мүмкіндік береді», — дейді Пасечный.
Пасечный Қазақстанды интернетпен қамту процесінде ЖИ-ді қолдану мәселесіне де тоқталды.
«Қазіргі таңда жасанды интеллект желілерді тексеру, кедергілер мен архитектурадағы проблемаларды анықтау үшін қолданылады, бұл инженерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді және инфрақұрылымды дамыту процесін жылдамдатады», — деген пікірді бөлісті Пасечный.
Михаилдің сөзінше, ЖИ-мен жақсы жұмыс істей алатын мамандарға көбірек басымдық беріледі. Бұл ретте жасанды зейін мамандарға көмекші құрал болады деген пікірді бөлісті.
«Қазақстан жаңа технологияларды енгізу жылдамдығы мен процестердің тиімділігі бойынша кейбір еуропалық елдерді озып барады. Мысалы, жасанды интеллект белсенді даму және енгізу кезеңінде тұр, бұл бизнеске де, соңғы тұтынушыға да көп пайда әкеледі. Бұл ретте адам мен ЖИ бәсекелес емес, керісінше өзара симбиоз деп қарау керек. Мұнда ЖИ адам интеллекті мен шығармашылығын алмастырушы емес, қуатты көмекші рөлін атқарады», — деп ойын тұжырымдайды маман.