Қазақстанда Аи-92 бензині мен жазғы дизель отынының бөлшек бағасы біртіндеп өсуі мүмкін. Бұл туралы энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді. Аталған отын түрлеріне бағаны көтеруге мораторий 2025 жылғы 16 қазанда енгізіліп, 2026 жылғы 31 наурызға дейін күшінде болды.
«Былтырғы тәжірибе көрсеткендей, күрт өсім болмайды. Бағалар біртіндеп көтеріледі деп ойлаймын», – деді ол. Алайда нақты қаншаға және қандай мерзімде өсетіні айтылмады.
Үкімет коммуналдық тарифтерге, бензин мен дизель отынына және басқа да қызметтерге баға өсіміне мораторий енгізген болатын. Бірақ жанармайға қатысты мораторий 2026 жылдың сәуір айының басынан бастап күшін жойды. Соған қарамастан, Астанадағы жанармай құю бекеттері әзірге бағаны көтерген жоқ – көпшілігінде Аи-92 бағасы бұрынғыдай 235–237 теңге деңгейінде сақталып отыр.
Аи-92/93 бензинінің шекті бөлшек бағасы 2023 жылдың сәуірінде 182–187 теңгеден 205 теңгеге дейін көтерілген (өңірге байланысты). Дизель отынының бағасы 230–260 теңгеден 295 теңгеге дейін өсті. Ал 2025 жылдың басында Аи-92 мен дизель отынына мемлекеттік баға реттеуі алынып тасталып, бағалар біртіндеп өсе бастады.