2026 жылғы ақпанда Дүниежүзілік банк Қазақстан бойынша ай сайынғы экономикалық шолуын жариялады. Онда бөлшек несиелеудің кеңеюі мен халықтың қарызының артуы қатар жүріп жатқаны, бұл үй шаруашылықтарының қарыздану деңгейіне әсер ететіні айтылған.

Есепке сәйкес, 2025 жылдың IV тоқсанында үй шаруашылықтарының қарызы жалақыға шаққанда 51%-ға жетіп, 2008–2009 жылдардағы банк дағдарысы алдындағы ең жоғары деңгейден (50%) асып кеткен. 2020–2025 жылдары халықтың нақты қарызы шамамен екі есеге артқан, ал нақты табыс бар болғаны 15% ғана өскен.

Сондай-ақ есепте 2023–2024 жылдары қалпына келгеннен кейін 2025 жылы халықтың нақты табысы қайта төмендегені көрсетілген. 2025 жылдың желтоқсанында нақты табыс жылдық есеппен 6% азайған.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, қаржыландыру шарттары қатаңдағанына қарамастан, табыстың төмендеуі халықты тұтыну мен негізгі шығындарды жабу үшін қарыз алуға мәжбүрлеп отыр. Жоғары инфляция өмір сүру деңгейін айтарлықтай төмендетіп, әсіресе төмен табысты және ауылдағы осал топтарға ауыр тиіп жатыр.

Бұл үрдістер экономикада ЖІӨ-нің өсуі, жоғары инфляция және халық табысының төмендеуі қатар жүретін күрделі макроэкономикалық жағдай қалыптасқанын көрсетеді. Осындай жағдайда тұтынушылық несиенің өсуі қаржылық тұрақтылықтың белгісі емес, керісінше халықтың қазіргі тұтыну деңгейін сақтап қалудың амалдық механизмі ретінде қарастырылады.

2025 жылы бөлшек несиелер банктердің кредит портфелінің 57,2%-ын, ал тұтынушылық несиелер 38,5%-ын құраған. Халықтың қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін болдырмау үшін реттеуші бірқатар шара қабылдады, нәтижесінде 2025 жылы тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны айтарлықтай баяулаған.

Қазір тұтынушылық несиенің ЖІӨ-ге үлесі шамамен 16%, бұл дамушы экономикалар үшін қалыпты саналатын 10–40% аралығында.

Жалпы, тұтынушылық несиелеу ішкі сұранысты ынталандырып, экономикалық белсенділікті және халықтың тұтыну деңгейін ұстап тұруға ықпал етеді. Бірақ қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін оны шектеу мен дамыту арасында дұрыс тепе-теңдік табу маңызды.

Есепте сондай-ақ Қазақстанның банк секторы тұрақты екені, банктердің бизнес-модельдерін жаңартып, инновацияларды енгізу арқылы жаңа экономикалық сын-қатерлерге бейімделіп отырғаны айтылған.