Қазақстан инвесторлары қауымдастығы депутаттар тобының банктердің атауларында «халық» сөзін пайдалануға тыйым салу бастамасына қатысты мәлімдеме жасады. Айта кетсек, Қазақстан Парламенті депутаттары коммерциялық ұйымдарға, соның ішінде банктерге атауларында «халық» («народный», «халык») сөзін қолдануға заңмен тыйым салуды ұсынған еді.

Инвесторлардың сөзінше, бұл бастама таңдамалы сипатқа ие және іс жүзінде қаржы нарығының жүйеқұраушы институты саналатын «Қазақстан Халық банкі» АҚ («Halyk Bank») сынды нақты бір қатысушыға бағытталған.

«Біз бұл түзетуді талқылау және, әсіресе, оны қабылдау құқықтық тұрақтылыққа, инвестициялық ахуалға және ел экономикасына елеулі қауіп төндіреді деп санаймыз», – делінген мәлімдемеде.

Қауымдастық назар аударарлық келесі негізгі аспектілерді атап өтті:

1. Конституция мен құқықтық қағидаттарға сәйкестік мәселесі.

Фирма атауы (бренд) — компанияның қорғалатын активі және жеке меншігі. ҚР Конституциясы жеке меншікті қорғайды және ешкімді сот шешімінсіз өз мүлкінен айыруға болмайтынын бекітеді. Осыған байланысты заңды түрде тіркелген, бұрыннан бар атауды пайдалануға заңнамалық тыйым салу осы базалық қағидаға қайшы келеді.

2. Инвестициялық ахуалға әсері.

Банктің бренді тарихи және оның аясында ол ондаған жыл бойы жұмыс істеп келеді. Жаңа заңның қолданыстағы құқықтарға қолданылуы «заңның кері күші болмайды» қағидатынан шегіну ретінде қабылдануы мүмкін, бұл өз кезегінде елдің құқықтық жүйесіне деген сенімге кері әсер етеді.

Қазақстан Халық банкі — акциялары Лондон қор биржасында (LSE) айналыста жүрген ашық компания. Халықаралық инвесторлар мұндай бастамаларға өте сезімтал келеді және оларды акционерлердің құқықтарын шектеу ретінде қабылдауы мүмкін. Нәтижесінде, бұл Қазақстанның инвестициялық имиджіне теріс ықпал етуі ықтимал, әсіресе ел қазіргі таңда шетелдік капитал тартуға белсенді жұмыс жүргізіп жатқан кезеңде.

3. Қаржылық тұрақтылыққа тәуекелдер.

Әңгіме елдегі бүкіл қаржы жүйесінің тұрақтылығы көп жағдайда соған байланысты болатын жүйелік маңызы бар банк туралы болып отыр. Атауды мәжбүрлі түрде өзгерту миллиондаған салымшыларды шатастыруы мүмкін. Мұндай жағдайдың қоғамда екіұшты қабылдануы елдің қаржылық тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді.

«Біз барлық мүдделі тараптықұқық үстемдігі, экономикалық орынды шешімдер мен парасаттылық қағидаттарына негізделген сындарлы диалогқа шақырамыз. Мақсат — елдің қаржылық тұрақтылығын сақтау және қолайлы инвестициялық климатты қамтамасыз ету», – делінген хабарламада.