2025 жылғы қаңтар–тамыз қорытындысы бойынша Ресей Қазақстанның негізгі импорт бойынша сауда серіктесі атанды. Елге әкелінген тауарлардың 29,4%-ы Ресей үлесіне тиді, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Бұған дейін, яғни қаңтар–шілде айларында, импорттағы үлесі бойынша Қытай бірінші орында тұрған еді. Алайда сегіз айдың қорытындысында ҚХР екінші орынға түсіп, оның үлесі 29,1% болды. Үшінші орында — Германия, оның үлесі 4,6% құрады.

Ал экспорт құрылымында өзгеріс болған жоқ: 1-орында — Италия (21%), 2-орында — Қытай (18,7%), 3-орында — Ресей (10,5%).

Қаңтар–тамыз айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 17 млрд доллардан асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7% аз. Ресейден импорт – шамамен 11,8 млрд долдар, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 0,6% төмен; Қазақстаннан Ресейге экспорт – шамамен 5,2 млрд доллар, бұл 15,4% азайған.

Жалпы алғанда, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 90,25 млрд доллар шамасында болып, өткен жылмен салыстырғанда 2,1% азайды. Экспорт 5,7% төмендеп, 50,2 млрд доллар болды, Ал импорт керісінше 2,8% өсіп, шамамен 40 млрд долларға жетті.

2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан Ресейден бірқатар тауар санаттары бойынша сатып алу көлемін ұлғайтты. Олардың ішінде: отын-энергетика кешені (ӨЭК) өнімдері, химия өнеркәсібі тауарлары, тоқыма бұйымдары, аяқкиім және галантерея бар.

Мысалы, Ресейден әкелінген ӨЭК өнімдерінің импорты шамамен 1,25 млрд доллар болды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13% көп (сол кезде 1,1 млрд доллар болған).

Химия өнеркәсібі өнімдерінің импорты 2% өсіп, 2 млрд доллардан асты (2024 жылы – 1,97 млрд доллар). Ағаш өнімдерін сатып алу да 2% артып, 483,2 млн долларға жетті.

Ең жоғары өсім тоқыма және тоқыма өнімдері санатында тіркелді — Ресейден импорт 47% өсіп, 602,9 млн долларды құрады (былтыр — 409,3 млн доллар).

Аяқкиім мен галантерея бұйымдары импорты да 45% артты — 71,3 млн доллар, былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш шамамен 49 млн доллар болған.

Сонымен қатар Қазақстан Ресейден құрылыс материалдарын сатып алуды 10% қысқартты — 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында олардың көлемі 186,6 млн доллар болды, ал өткен жылы — 208,2 млн доллар болған.

Айта кетсек, бұған дейін кейінгі төрт жылда Қазақстанның Қытайға тәуелділігі айтарлықтай күшейгенін хабарлаған едік. Ал экспорт керісінше – шамамен 10% төмендеді

Кейінгі төрт жылда Қазақстан Ресейден тауар импортын қысқартуға бет алды.