2026 жылғы наурызда кешіктіріліп жүрген несие (NPL90+) үлесі 4,0%-ға дейін өсті (ақпанда – 3,9%; 2025 жылғы наурызда – 3,4%). 30 күннен астам мерзімі өткен несие үлесі де 5,2%-ға дейін артты (ақпанда – 5,1%; 2025 жылғы наурызда – 4,6%).
30 күннен астам кешіктірілген несие портфелі бір айда 2,2% (жыл басынан бері 12,3%; 2025 жылдың алғашқы үш айында 19,0%) өсіп, 2 237 млрд теңгеге жетті. Ал NPL90+ портфелі бір айда 2,4% (жыл басынан бері 9,4%; 2025 жылдың алғашқы үш айында 12,7%) ұлғайып, 1 723 млрд теңгені құрады.
Кешіктірілген несие провизиялармен жабу деңгейі ақпандағы 120,7%-дан наурызда 118,4%-ға дейін төмендеді (2025 жылғы наурызда – 162,7%). Бұл NPL90+ көлемінің резервтерге қарағанда жылдам өсуіне байланысты.
Бірінші эшелон банктері арасында кешіктірілген несие Alatau City Bank-та (7,2%), Bereke Bank-та (7,0%), Home Credit Bank-та (6,8%) және Kaspi Bank-та (6,2%) ең жоғары. Осы төрт банктің проблемалық несиесі жалпы сектордағы NPL90+ көлемінің 44,4%-ын немесе 765 млрд теңгені құрады (ақпанда – 44,4%; 2025 жылғы наурызда – 45,0%).
Екінші эшелонда 90 күннен астам мерзімі өткен несие ең көп банктер ВТБ (9,6%), Bank BNK (8,1%), KMF Bank (6,0%) және Нұрбанк (5,3%). Аталған банктердің NPL90+ көлемі 44,8 млрд теңгені немесе сектордағы барлық проблемалық нестенің 2,6%-ын құрады (ақпанда – 2,7%; 2025 жылғы наурызда – 2,5%).
Сонымен қатар, Заман Банкте NPL90+ үлесі айтарлықтай төмендеп, ақпандағы 5,4%-дан наурызда 1,8%-ға түсті.
Бірінші эшелон банктері арасында несиенің тәуекел құны ең жоғары банктер Bereke Bank (11,0%; ақпанда – 12,0%), Еуразиялық банк (9,1%; 9,2%), Bank RBK (6,6%; 6,3%) және Alatau City Bank (6,0%; 6,5%). Ең төмен көрсеткіштер (0,5%-дан аз) Отбасы банкі мен Ситибанкте тіркелді. Жалпы бірінші эшелон бойынша несиенің тәуекел құны наурызда 4,9% болды (ақпанда – 4,9%; 2025 жылғы наурызда – 5,7%).
Екінші эшелонда несиенің тәуекел құны Заман Банкте 42,9% (ақпанда – 51,3%), Банк ВТБ-да 22,8% (22,4%) және Bank BNK-де 23,7% (22,1%) деңгейінде жоғары болды. Ең төмен көрсеткіштер (1%-дан аз) Шинхан Банк пен Қазақстандағы Қытай Банкіне тиесілі болды. Жалпы бұл эшелон бойынша несиенің тәуекел құны 2026 жылдың барлық үш айында 6,9% деңгейінде сақталды (2025 жылғы наурызда – 7,9%).
Автор: Бауыржан Мұқанов