Қазақстанның халықаралық резервтері тамыз айында тарихи жаңа межеге жетті. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, 2025 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша таза халықаралық резерв көлемі 52,2 млрд долларға жетіп, рекордтық көрсеткіш жаңартылды.

Бір айдағы ең ірі өсім

Айдан айға өсім 2,2 млрд доллар немесе 4,39%-ды құрады. Бұл — биылғы сәуірден бергі ең ірі айлық көрсеткіш. Сарапшылардың айтуынша, мұндай динамика сыртқы нарықтағы қолайлы конъюнктура мен алтын бағасының тұрақты өсуіне байланысты.

Резерв құрылымы: алтынның рөлі артып келеді

Халықаралық резерв екі негізгі құралдан тұрады: еркін конвертацияланатын валюта — тамызда 19,6 млрд доллар, бір айда 1,7% өскенімен, жыл басынан бері 10,6% төмендеген; монетарлық алтын — 34,7 млрд доллар, тамызда 5,6%, ал жыл басынан бері бірден 45,4% ұлғайған.

Бұл тренд алтынның Қазақстан резервіндегі үлесі айтарлықтай артқанын көрсетеді. Сарапшылар алтын бағасының жоғарылауын әлемдік нарықтағы тұрақсыздықпен байланыстырады.