Қазақстанның қор нарығын дамыту үшін, ең алдымен, листингке шыққан компаниялар санын арттыру және нарықтың халықаралық деңгейдегі тартымдылығын күшейту қажет. Басты мәселе – нарықтың сапасы, ақпараттың ашықтығы және инвесторлар сенімін қалыптастыруда. Бұл туралы Алматыдағы KASE алаңында өткен талқылауда халықаралық капитал нарықтары бойынша сарапшы Рамон Педроса-Лопес айтты. Шара барысында Рамон Педросаның «KZ Listed: Investor Relations and Kazakhstan’s Battle for Capital» атты кітабының таныстырылымы өтті. Орталық Азиядағы алғашқы IR-компанияның негізін қалаушы маман өзінің осы саладағы 25 жылдық тәжірибесімен бөлісті.

Оның пікірінше, Қазақстанның қор нарығын халықаралық деңгейде қайта жіктеуге және оны шетелдік инвесторлар үшін анағұрлым тартымды етуге толық мүмкіндік бар. Мысал ретінде Қатар нарығы келтірілді. Бұл мемлекет белгілі бір кезеңде осындай трансформациядан сәтті өткен. Мәселе мүмкіндіктің жоқтығында емес, оны тиімді іске асыруда, дейді ол.

Бұл ретте, шетелдік инвесторлардың шешім қабылдауына ең алдымен сандық көрсеткіштер емес, сапалық факторлар әсер етпек. Яғни, компаниялар туралы ақпараттың қолжетімділігі, нарықтың түсінікті әрі ашық болуы маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда маман Қазақстанда халықаралық деңгейдегі сараптамалық зерттеулерді көбейту қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, листингтегі компаниялардың инвесторлармен қарым-қатынас мәдениетін күшейту маңызды, -дейді Рамон Педроса. 

«Компаниялар тек қаржылық нәтижелерін жариялап қана қоймай, өз дамуының бағытын, капиталды басқару стратегиясын және ұзақ мерзімді жоспарларын жүйелі түрде түсіндіре білуі тиіс. Мұндай ашықтық нарыққа деген сенімді арттыратын негізгі факторлардың бірі болып саналады»., — дейді сарапшы.

Қазақстан қор нарығының айрықша ерекшелігі – бөлшек инвесторлардың басымдығы. Қазіргі таңда KASE нарығындағы сауда көлемінің 70%-дан астамы жеке инвесторлардың үлесіне тиесілі. Маман мұны әлсіздік емес, керісінше нарықтың маңызды артықшылығы ретінде бағалайды.

«Кез келген қор нарығының негізін бөлшек инвесторлар құрайды. Институционалдық капитал нарықты ілгерілеткенімен, тұрақты сұраныс пен өтімділік жеке инвесторларсыз қалыптаспайды. Сондықтан бөлшек инвесторлардың белсенділігі нарықтың табиғи әрі маңызды бөлігі. Дегенмен, бұл бағытта шешілуі тиіс маңызды мәселе бар. Ол – қаржылық сауаттылық деңгейі. Қор нарығы көптеген адамдар үшін әлі де күрделі, алыстағы жүйе ретінде қабылданады. Осы себепті инвесторларға нарықтың жұмыс істеу тетіктерін түсіндіру, инвестицияның мәнін ашу және ұзақ мерзімді көзқарасты қалыптастыру керек», — деп атап өтті Рамон Педроса-Лопес. 

Іс-шара барысында ірі әрі табысты компаниялардың бәрі бірдей не себепті биржаға шыға бермейтіні де түсіндірілді. Сарапшының айтуынша, акцияларын көпшілікке ұсыну әр компания үшін міндетті қадам емес. Дегенмен, биржаға шығудың өз пайдасы бар. Мұндай жағдайда компания кеңінен танылып, қаржы тартуы жеңілдей түседі, беделі күшейеді. Педроса акция ұсынуды тек ақша табудың амалы емес, бизнесті ілгерілетудің бір жолы деп талдады.

Айта кетейік, бүгінде әлемде шамамен 40 мың компания биржада тіркелген, соның 15 мыңы АҚШ биржасының тізімінде. Басқа елдер де бұл бағытқа ден қойып отыр. Маман алдағы уақытта «Гонконгта жаңа компанияларды биржаға шығару қарқыны күшейеді» деген болжам айтты.

Жалпы, биржаға шығу – әр компания үшін өзіне тиімді болған жағдайда ғана жасалатын қадам. Ал Қазақстан үшін әзірге нарыққа жаңа компанияларды тарту, оны түсіндіретін сараптаманы көбейту, жеке инвесторлардың қаржылық сауатын арттыру басты мәселе болса керек.