Газ қымбаттайын деп жатыр

Газ қымбаттайын деп жатыр

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда сұйытылған мұнай газының қымбаттайтынын мәлімдеді.

«Біз сұйытылған мұнай газының бағасын жыл сайын көтеруді жоспарлап отырмыз. Биыл шамалы өсу жоспарлануда – өңірлерге байланысты шамамен 5-8 теңге. Бұл өсім министрліктің көктемгі жоспарында», – деді министр ведомствоның алқа мәжілісінде. 

Еске салайық, бұған дейін Энергетика министрлігі басшысы Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ең төмен елдердің бірі – 54-86 теңге екенін атап өткен болатын.

«Сұйытылған мұнай газын өндірудің тиімсіздігіне байланысты сала шығынға ұшырауда, жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды», – деді энергетика министрі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын тұтыну 400 мың тоннаға (немесе 2022 жылмен салыстырғанда 28%) өсіп, 2,2 млн тоннаны құрады.

«Бірақ оған белгіленген шекті көтерме баға өнімнің өзіндік құнынан төмен деңгейде қалады. Мысалы, сұйытылған мұнай газын өндіру құны тоннасына 60-70 мың теңгені құрайды, өңдеуші кәсіпорындар үшін бекітілген шекті көтерме баға ҚҚС-сыз тоннасына 40 320 теңгені құрайды», – деді Алмасадам Сәтқалиев.