Премьер-министр Олжас Бектенов депутат Нартай Сәрсенғалиевтің сауалына берген жауабында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен бірлесіп, аймақтар мен республика деңгейінде футбол клубтарын коммерцияландыру бойынша әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Осы жұмыс аясында «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызылжар» футбол клубын сатып алу мүмкіндігін қарастырып отыр. Freedom Finance (Тимур Турлов) «Шахтер» футбол клубына арналған стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытты. Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» футбол клубын сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын салуды жоспарлап отыр», — деді Олжас Бектенов.

Оның сөзінше, Қызылордадан шыққан әлеуетті инвестор — TAU Group Ltd компаниясы (Ислам Қозбақов) «Қайсар» футбол клубын сатып алуды жоспарлауда. Бұдан бөлек, «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарын сатып алуға мүдделі инвесторлармен де кездесулер өткен.

Премьер-министр сондай-ақ 2025 жылы қазақстандық футболды дамытуға бюджеттен 34,9 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Соның ішінде 31,8 млрд теңге – Премьер-лига және Бірінші лига клубтарын қолдауға, 3,1 млрд теңге – балалар және бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.