Freedom Holding Corp құрамындағы барлық компания бір атаумен жұмыс істейтінін мәлімдеді. Енді банк, брокер, сақтандыру, төлем сервистері және басқа жобалар үшін бөлек брендтер болмайды. Бүл туралы холдингтің негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Турлов Freedom Inside ‘26 конференциясында мәлімдеді.

«Біз жеке өнімдер жиынтығын емес, экожүйе құрып жатырмыз. Бірыңғай бренд — біздің шын мәнінде кім екеніміздің көрінісі», — деді Турлов.

Оның айтуынша, банк қызметін, инвестицияны немесе жеткізу сервисін пайдаланатын клиент барлығының артында бір команда, бір мәдениет және бір көзқарас тұрғанын сезінуі тиіс.

Турловтың айтуынша, 2025 жылы Freedom қосымшасы Қазақстандағы ең көп жүктелген қосымшаға айналып, OpenAI мен Google Gemini сияқты халықаралық алыптарды басып озған.

«Біз қазір ең тиімді кезеңде позиция құрып жатырмыз. Қазақстандық модельді басқа елдерге енгізіп жатырмыз — бұл жай ғана экспансия емес, құндылықтарды көбейту», — деді ол.

Компания Түркия мен Еуропа нарықтарына шығуды жоспарлап отыр, аймақтың үздік мамандарын тартып, сенім инфрақұрылымын ұзақ мерзімге дамытуға назар аударады. Турлов инвесторлар үшін 3–5 жылдық көкжиектің маңызды екенін атап өтті.

Қазір холдинг 12,5 млрд доллар активті басқарады, 21 елде 11 млн-нан астам клиентке қызмет көрсетеді, нарықтық капитализациясы — 9,5 млрд доллар, ал жылдық табысы 2 млрд доллардан асқан. Акциясы 2019 жылдан бері шамамен 10 есе өскен.

Турловтың айтуынша, компания әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ.

Freedom тек банк, брокер немесе сақтандырумен шектелмейді. Компания білім беру, медицина, медиа, телеком және қалалық инфрақұрылым бағыттарын да дамытып жатыр.

«Біз адамға тек қызмет сатып алу сәтінде емес, өмірінің маңызды кезеңдерінде де жақын болғымыз келеді», — деді Турлов.

Турловтың айтуынша, Freedom тарихы енді ғана басталып жатыр. Компания тек қызмет көрсетіп қоймай, миллиондаған адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуды мақсат етеді.