Freedom экожүйесіне тамақ жеткізу қызметі қосылып, Freedom Food сервисі ашылады. Бұл туралы Freedom Inside ’26 форумында Freedom Lifestyle басшысы Алексей Ли мәлімдеді.
«Бізден тамақ жеткізу, мейрамханалардан жеткізу бола ма деп көптен сұрап жүр. Бұл сұраққа нақты — иә деп жауап бере аламын. Мұнда ірі ойыншылар клиентке таласты негізінен маркетинг бюджеттері арқылы жүргізіп келді. Бірақ біздің артықшылығымыз — экожүйемізде қазірдің өзінде миллиондаған клиент бар. Сонымен қатар, кейбіріңіз Chocofood-тың Freedom құрамына өтетіні туралы естідіңіздер. Бұл ақпаратты растаймын. Chocofood командасы Freedom-ға қосылып, жаңа бағыттың негізіне айналады», — деді Алексей Ли.
Оның айтуынша, Freedom Food сервисі осы көктемде Қазақстанның бірнеше қаласында іске қосылады. Алғашқы қала — Ақтау.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Freedom Holding Corp иелігіндегі барлық компания бір бренд аясына бірігетіні айтылған еді.