Қазақстандық Freedom Bank пен пәкістандық Meezan Bank Pakistan корреспонденттік PKR Vostro шот ашу жөнінде стратегиялық келісімшарт жасады. Құжатқа 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабад қаласында екі банктің басшылығы қатысқан ресми салтанатты рәсім барысында қол қойылды.

PKR Vostro шотының ашылуы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы банктік өзара қарым-қатынастарды жаңа деңгейге шығарады. Freedom Bank үшін бұл бастама қазақстандық компаниялардың пәкістан рупиясымен есеп айырысу және төлемдер жүргізу мүмкіндігіне деген өзекті сұранысына жауап болып отыр. Бұған дейін қазақстандық заңды тұлғалардың мұндай төлемдерді тікелей жүзеге асыру мүмкіндігі болмаған, бұл пәкістандық серіктестермен сауда операцияларын жүргізуде белгілі бір шектеулер туғызған.

«Meezan Bank-пен пәкістан рупиясындағы клиринг және есеп айырысу инфрақұрылымын қалыптастыру аясындағы әріптестігімізге қуаныштымыз. Бұл Freedom Bank-тің халықаралық банктік платформасын нығайтудағы және Пәкістанмен сауда мен трансшекаралық бизнесте жұмыс істейтін клиенттерімізді қолдау мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды қадам. Біз екі ел бизнесі үшін қосымша қолайлылық, тиімділік пен құндылық әкелетін берік корреспонденттік қатынастардың дамуына сенім артамыз», – деді Freedom Bank директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов.

Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұловтың айтуынша, PKR Vostro шоты трансшекаралық операциялар бойынша есеп айырысуды едәуір жеңілдетіп, төлемдердің орындалу жылдамдығын арттырады.

«Бұл қажеттілік ең алдымен қазақстандық бизнес тарапынан туындады. Енді ыңғайлы есеп айырысу инфрақұрылымының пайда болуымен қазақстандық және пәкістандық компаниялар арасындағы сауда-саттықтың қарқынды өсетінін, соның нәтижесінде тауар айналымы ұлғайып, экономикалық байланыстар нығаятынын күтеміз», – деді ол.

Салтанатты рәсім барысында Meezan Bank Pakistan-ның Transaction & International Banking бағытының жетекшісі Мұхаммад Абдулла Ахмед бұл PKR Vostro шотының ашылуы Meezan Bank-тің жаһандық корреспонденттік банкингтегі қатысу аясын кеңейту және трансшекаралық төлемдер инфрақұрылымын нығайту жөніндегі жүйелі күш-жігерін айқындайтынын атап өтті.

«Бұл ынтымақтастық пәкістан рупиясындағы есеп айырысуларды анағұрлым тиімді етіп, операциялардың жылдамдығы мен сапасын арттырады, сондай-ақ банктік серіктестер мен іскерлік қауымдастықтарға қауіпсіз әрі сенімді қаржы арналарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біз бұл әріптестік Пәкістан мен Қазақстан арасындағы сауданы дамытуда және қаржылық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз», – деді Мұхаммад Абдулла Ахмед.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 53,7 млн долларды құрады. Бұл ретте Қазақстаннан Пәкістанға экспорт 2023 жылмен салыстырғанда 2,1 есе өсіп, 11,8 млн долларға жетті. Ал Пәкістаннан импорт 11,9% төмендеп, 41,9 млн долларды құрады. Сонымен қатар, екі ел арасында өзара инвестициялық жобалар да дамып келеді.

Пәкістанның Қазақстанға экспортында негізінен цитрус жемістері, фармацевтикалық өнімдер, киім-кешек, күнделікті тұтыну тауарлары, сондай-ақ спорттық құрал-жабдықтар мен инвентарь басым. Қазақстанның Пәкістанға экспорт құрылымында ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері, оның ішінде көкөністер, дәнді және бұршақ дақылдары, сондай-ақ металлургия және өңдеу өнеркәсібінің жекелеген өнім түрлері жетекші орын алады.