Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов Freedom Bank-тің Пәкістанда филиал ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, компания Пәкістан нарығын белсенді зерттеп жатыр және банк филиалын тіркеу жұмыстарын бастауды көздейді.
«Бұл – өте үлкен нарық. Халқының әл-ауқаты аса жоғары болмаса да, өте жас мемлекет. Менің ойымша, оның әлеуеті зор. Пәкістан халқы 340 миллионнан асады, бұл Қазақстан халқынан 10–12 есе көп. Елдің ЖІӨ көлемі де Қазақстанмен шамалас. Мұнда цифрлық банкке сұраныс жоғары болады, өйткені оның шығындары төмен», – деді Турлов.
Ол Freedom Bank-тің Қазақстан бойынша небәрі 20-дан астам филиалы бар екенін айтып, осының арқасында бір клиентке кететін шығын дәстүрлі банктерге қарағанда әлдеқайда төмен екенін атап өтті.
Турловтың пікірінше, Пәкістанның қаржы нарығы әлі де толық цифрланбаған.
«Орташа жасы 23 болатын елдің болашағына сеніммен қарауға болады. Ал орташа жас 50-ге жеткен мемлекеттерде экономиканың ұзақ мерзімді келешегі туралы айту қиынырақ», – деді ол.
Сонымен қатар, Freedom Holding Африка нарығын да зерттеп жатыр. Алайда компания барлық бағытта бір уақытта кеңею мүмкін емес екенін мойындайды.
Турловтың айтуынша, холдингтің мақсаты – АҚШ пен Еуроодақта жұмыс істейтін ірі жаһандық цифрлық банк құру.
АҚШ-та компания бастапқы кезеңде серіктестер арқылы Banking-as-a-Service моделін пайдалануы мүмкін. Ал Еуроодақ нарығына шығу үшін қажетті реттеушілік рәсімдер шамамен 1,5–2 жылға созылуы ықтимал.
Турлов цифрлық банктер нарығында жаһандық ауқымға шығу шешуші фактор болатынын айтты.
«Болашақта әлемнің көптеген елдерінде филиалдары немесе еншілес банктері бар жаһандық цифрлық банк құруды көздейміз», – деді ол.