Air Astana акциясының бағасы 9 қазан таңғы сағат 10-дағы көрсеткіш бойынша 798,99 теңгеге дейін түсті. 25 қыркүйекте акция биылғы максимумға жетіп, 800 теңгеден асқан еді. Алайда Питер Фостердің кететіні туралы жаңалық шыққаннан кейін компанияның бағалы қағаздары аздап арзандады.
Айта кетсек, Air Astana акциялары биржада қайта қарқынды өсім көрсетіп жатқанын хабарлаған едік. 2024 жылдың ақпанында Air Astana IPO-ға шығып, акцияларын 1 173,83 теңгеден орналастырған еді. Бірақ нарықтағы қысым мен сұраныстың әлсіреуіне байланысты бағасы төмендеп, 2025 жылдың ақпанында 700 теңгеден де төмен түсті. Бұл компания үшін ең төменгі деңгей болды. Осыдан кейін біртіндеп өсу кезеңі басталған болатын. Ал кеше Air Astana директорлар кеңесі Питер Фостер 2026 жылдың наурызының соңында бас атқарушы директор және директорлар кеңесіне мүшесі қызметтерінен кететінін хабарлады. Содан кейін компания акциясының бағасы қайта түсе бастады.
Дегенмен, Halyk Finance сарапшылары бұл жағдайды инвесторлар үшін қауіп төндіретін белгі емес деп бағалайды.
Олардың пікірінше, Фостердің кетуі күтпеген жағдай емес — бұл алдын ала жоспарланған және бақылаудағы басқару ауысымы.
«Ибрахим Жанлыелдің тағайындалуы бұрыннан дайындалған шешім. Фостердің кететіні туралы сыбыс біраз уақыттан бері айтылып келген, сондықтан бұл процесс ойластырылған әрі сабырлы түрде жүргізіліп отыр. Жанлыелдің авиация саласындағы мол тәжірибесі компанияның операциялық және қаржылық басқаруына терең түсінік береді», – делінген Halyk Finance талдауында.