Қазақстанда әмбебап лицензиясы бар банктер мен ислам банктерінің цифрлық қаржылық активтермен (ЦҚА) жұмыс істеу ережелері бекітілді. Жаңа ережелер банктерге лицензиясы бар платформалар арқылы цифрлық құралдарға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу агенттігі (ҚНРДА) мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысында айтылған.
Банктер қандай активтермен жұмыс істей алады?
Құжатқа сәйкес, банктерге мынадай активтермен мәміле жасауға рұқсат берілді:
- Стейблкоиндер (нақты ақшаға байланған активтер);
- Бағалы қағаздар негізіндегі цифрлық активтер;
- Цифрлық нысандағы қаржылық құралдар.
Барлық операция тек лицензиясы бар цифрлық немесе сауда платформаларының операторлары арқылы өтуге тиіс. Бұл ретте ислам банктері үшін исламдық қаржыландыру қағидаттарын сақтау талабы өзгеріссіз қалады.
Қандай шектеулер бар?
Реттеуші органдар банктер үшін бірқатар шектеу де енгізді:
- Банктерге өздері шығарған немесе еншілес құрылымдары шығарған цифрлық активтерді сатып алуға тыйым салынады.
- Цифрлық активтерді банктің өз қызметін тікелей немесе жанама қаржыландыру үшін пайдалануға болмайды.
Сонымен қатар активтердің сапасына қатысты талаптар қойылған. Мысалы, цифрлық қаржылық құралдар Қазақстанның қор биржаларының ресми тізіміне енуі немесе Мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) болуға тиіс. Стейблкоиндермен жасалатын мәмілелерге тек заңмен белгіленген ашық валюталық позиция лимиттері аясында рұқсат етіледі.
Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң, яғни 9 ақпаннан бастап күшіне енеді. Құжатты әзірлеушілердің бағалауынша, бұл ережелерді қабылдау бюджет шығындарын талап етпейді және ұлттық қауіпсіздікке ешқандай теріс әсерін тигізбейді.