Қазақстан ғылымы бүгінде ауыр жүк арқалаған жүгірушіні еске салады: алға ұмтылғысы келеді, бірақ қаржыландыру аз, кадрлық база әлсіз, инфрақұрылым жеткіліксіз, бюрократия көп. Дегенмен, тоқырау емес, өзгеріс белгілері бар, деп жазады economykz.org.
2024 жылы ғылымға бөлінген шығын небәрі 219,7 млрд теңге болды – бұл ЖІӨ-нің 0,16%-ы ғана. Салыстыру үшін айтсақ, Израильде бұл көрсеткіш шамамен 6%, Жапонияда – 3%-дан асады.
«Ғалымдар саны да аз: миллион тұрғынға шаққанда 1141 зерттеуші ғана келеді, ал әлемдік орташа деңгей – 1516. Канадада бұл көрсеткіш үш еседен көп. Оның үстіне біздегі статистика «созылып» алынған: ғылыми қызметкерлер қатарына әкімшілік персонал да қосылып кеткен», – дейді сарапшылар.
2024 жылы елімізде 147 мың бакалавр дайындалса, PhD дәрежесін бар-жоғы 677 адам ғана алды. Яғни, бакалавр мен PhD арақатынасы – 218:1. АҚШ-та бұл көрсеткіш 35:1. Бұл – «дипломды көп, ғалымы аз» модель.
«Ғылымды дамыту үшін қаржыландыруды 2027 жылға қарай ЖІӨ-нің кемінде 1%-ына жеткізу міндет. Бірақ мәселе тек көлемде емес, бөліністе де. Қазір қаржының көбі ірі бағдарламалық-мақсатты жобаларға жұмсалады. Нәтижесі көбіне күмәнді», – дейді мамандар.
Қазақстанда ғалымның жалақысы төмен, әлеуметтік пакеті шектеулі, ал мамандықтың беделі де аса жоғары емес. Көптеген талантты жастар ғылымнан кетіп, бизнеске немесе шетелге бет алады. Сарапшылардың пікірінше, ғалымдар үшін бәсекеге қабілетті жалақы, жеңілдетілген ипотека, медициналық сақтандыру және кәсіби өсу тетіктері қажет.
2024 жылы қазақстандық зерттеушілер Web of Science базасында 3176 мақала жариялап, өткен жылмен салыстырғанда 20% өсім көрсетті. Бірақ бұл әлі де әлемдік орташа деңгейден алыс: біздің мақалалардың тек 32%-ы ғана ең үздік Q1 журналдарында жарияланған (әлемде – 47%).