Қазақстан биыл жазда сырттан электр қуатын сатып алуды айтарлықтай арттырды. 2025 жылғы шілдеде импорт көлемі 56,8 млн доллар болды, бұл маусыммен салыстырғанда 98%, ал өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 74% жоғары. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы жариялады.

Шілденің үлесі ерекше

Физикалық көлем де рекорд жаңартты – 782,4 млн кВт/сағ, яғни айлық өсім +102%, жылдық өсім +59%. Тек бір айдың өзі жыл басынан бергі импорттың үштен бірін құрады.

Қаңтар–шілде аралығында барлығы 2,3 млрд кВт/сағ электр энергиясы сырттан жеткізілді. Оның құны 169,2 млн доллар болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көлем бойынша +7%, ақша бойынша +24% көп. Бұл – кейінгі 11 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Ішкі сұраныс

Сарапшылардың пікірінше, импорттың көбеюіне ішкі тұтынудың артуы ықпал еткен. 2025 жылғы шілдеде ішкі нарықта 10,1 млрд кВт/сағ сатылды. Бұл өткен жылғы деңгейден +8% көп. Алайда елде өндірілген көлем небәрі 9,4 млрд кВт/сағ болды (+3%). Яғни, тұтыну өсу қарқыны генерациядан әлдеқайда жоғары.

Негізгі импортер – Ресей

Қазақстан электр қуатын негізінен Ресейден сатып алады. Шілде айында импорттың 86%-ы физикалық көлемде (674,1 млн кВт/сағ); 96%-ы қаржылық мәнде ($54,8 млн) Ресейге тиесілі болды.

Электр энергиясы негізінен таңертеңгі және кешкі тұтыну шарықтау уақытында сатып алынады. Бұл фактор бағалардың көтерілуіне де әсер етіп жатыр.

Болашақ жоспарлар

Үкімет бұған дейін Ресейден электр энергиясына тәуелділікті азайтуды көздеген. Ақпандағы бағалауларға сәйкес, 2025 жыл бойынша импорт 2 млрд кВт/сағ-тан аспауға тиіс еді. Алайда қазірдің өзінде (қаңтар–шілде) бұл межеге жетіп қойды. Ресми болжамға сай, 2027 жылдан кейін жаңа генерация көздері іске қосылған соң Қазақстан электр энергиясын мүлде импорттамайды деп жоспарланған.