Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылы елімізде тіркелген шетелдік компаниялар немесе олардың филиалдарының саны 4,4 мыңға көбейген. Бұл өсім негізінен Қытай мен Өзбекстан бизнесінің келуі есебінен болған.

Статистика бюросының 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәліметі бойынша, Қазақстанда шетелдік қатысуы бар 63,9 мың заңды тұлға мен олардың филиалдары тіркелген. Өткен жылдың ішінде бұл көрсеткіш 4,4 мыңға артты.

Қазақстанда бизнес ашқандар арасында екі ел анық көш бастап тұр:

  • Бір жылда Қытайдың қатысуымен 2,8 мың жаңа компания тіркелді (жалпы саны 8 мыңға жетті).
  • Өзбекстан компаниялары 2,5 мыңға артты (жалпы саны — 8,2 мың).

Сондай-ақ, 2025 жылы Әзербайжан капиталы бар компаниялар саны 102-ге көбейген. Қалған елдер бойынша өсім 100-ден аспайды.

Ал Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың жалпы саны бойынша көш бастап тұрған Ресей (23 мың компания) керісінше, өткен жылы өз қатарын ең көп сиреткен ел болды — бір жылда 468 заңды тұлға жабылып қалды. Бұдан бөлек, Қырғызстан (–313) және Түркия (–209) капиталы бар компаниялардың да саны азайған.

Шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың басым бөлігі — шағын бизнес: 63,4 мың. Орта компаниялардың саны — 359 болса, ірі компаниялар саны — 222.

Бұл компаниялар негізінен мына салаларда жұмыс істейді:

  • Сауда және автокөлік жөндеу — 23,5 мың;
  • Өзге де қызмет түрлерін көрсету — 10,1 мың;
  • Құрылыс — 5,9 мың;
  • Ғылыми және техникалық қызмет — 4,3 мың.