Қазақстанда алдағы 2-3 жылда тері мен жүнді өңдеу бойынша құны шамамен 5 млрд теңгені құрайтын алты жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген, онда шикізатты субсидиялау, жеңілдетілген несиелендіру, өңдеуші кәсіпорындарды қолдау және экспортты ынталандыру қарастырылған. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлім етті.
Үкімет басшысының айтуынша, қазір жүн мен тері өңдеу инфрақұрылымы жасалып жатыр. Теріні алғашқы өңдеу кәсіпорындары үшін құрылысқа субсидия көлемі 661 млн теңгеге дейін, ал кеңейтуге 300 млн теңгеге дейін. Тәулігіне 1 мың кило жүн және 2-5 мың кило тері өңдеуге қабілетті нысандар салу жоспарлануда. Мемлекеттік қолдау алу үшін мұндай кәсіпорындардың құрылысына ең жоғары инвестиция 4-4,6 млрд теңгені құрайды, инвестицияның қайтарымдылық үлесі 25% құрайды.
Сонымен қатар, кешенді жоспарда өңірлердегі сатып алу пункттері желісі арқылы өңдеуге ұсынылған шикізат көлеміне шаруаларға субсидия беру қарастырылған. 2028 жылға қарай кезең-кезеңімен 70-тен астам жүн қабылдау және 200-ге жуық тері өңдеу пункттері ашылады.
Сонымен қатар, елімізде сапасыз былғары мен жүн мәселесі әлі де бар.
«Қазақстанда малдың 50%-дан астамы жеке шаруашылықтарда сойылады, соның салдарынан терілері зақымдалады. Бұл мәселені шешу үшін ветеринариялық бақылауды күшейту, сою процестерін жақсарту және цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде», — деді Олжас Бектенов.
Тері өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында шикізаттың сапасын арттыруға, өңдеу процестерін жеңілдетуге және өнімді экспорттау шарттарын жақсартуға мүмкіндік беретін оларды стандарттау бойынша жұмыстарды жүргізу жоспарлануда.
Тері мен жүн сапасына әсер ететін аурулардың алдын алу бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы 9 млн-нан астам ірі қара малды тері ауруына қарсы кең көлемде егу жұмыстары жүргізілді.
Тері мен жүнді өңдеуді дамыту бойынша ұсыныстарды одан әрі әзірлеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Парламент Мәжілісінің, салалық қауымдастықтар, кәсіподақтар мен бизнес өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы жұмыс істейді.