Автор: Салтанат Игенбекова – Halyk Finance Талдау орталығы
Статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанында негізгі капиталға инвестицияның өсу қарқыны жылдық 6,3% болды. Бұл ретте экономиканың негізгі салаларында инвестицияның төмендеуі байқалды: өнеркәсіпте 11,4%, құрылыста 16,4%, саудада 6,0% және ауыл шаруашылығында 9,2% азайды, бұл салалар елдің ЖІӨ жартысынан астамын құрайды. Өнеркәсіптегі НКИ-дің баяулауы, ең алдымен, тау-кен өнеркәсібіндегі инвестицияның 28,0% төмендеуіне байланысты.
Өңдеу өнеркәсібінде (+20,2%), көлік саласында (+6,4%) және телекоммуникация секторында (+0,7%) инвестицияның өсімі байқалды.
Тау-кен өнеркәсібіндегі НКИ-дың қысқаруы мұнай және газ өндіру секторына инвестицияның 39,4% төмендеуімен байланысты, бұл инвестиция көлемі бойынша ең үлкен секторы (өнеркәсіпкегі жалпы инвестицияның 29,6%-ы). Бұл төмендеу ірі мұнай жобаларының, соның ішінде Теңіз кен орнындағы кеңейту жобасының аяқталуына байланысты.
Өңдеу өнеркәсібінде НКИ-дың ең көп төмендеуі резеңке және пластмасса бұйымдарын (-31,9%) және химиялық өнімдерді (-13,2%) өндіруде байқалды. Сонымен қатар, металлургия өндірісінде (+22,2%), автомобиль өндірісінде (+107,6%) және тамақ өнімдерінде (+2,6%) өсті.
Бірінші тоқсанда инвестиция көлемінің өсуі, ең алдымен, ғимараттар мен құрылыстарды салуға инвестициялардың ұлғаюымен (+21,5%) байланысты, ал құрал-жабдыққа қаржы жұмсау 14,5% төмендеді, бұл шикізат секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыру циклінің аяқталуын көрсетеді. НКИ-ге негізгі үлесті орта кәсіпорындар қосты, олар инвестицияны 84,5% өсірді, ал ірі кәсіпорындар 7,9% қысқартты.
Инвестициялық құрылымда меншікті қаражат көлемінің қысқаруы аясында мемлекеттік қаржыландыру үлесінің ұлғаюы (осы тоқсанда 22%-ға дейін) байқалды – көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есеге жуық өсті, ол кезде үлесі 9% болған. Бұл ретте, мемлекеттік компаниялардың өз қаражаты дегені де мемлекеттік қаражат екенін ескерсек, негізгі капиталға инвестицияда мемлекет үлесі бұдан да көп болып шығады.
Бюджет қаражатын есепке алмасақ, инвестиция 8,3% қысқарды. Сонымен қатар, несие арқылы инвестиция үлессі әлі төмен, бұл әсіресе капиталды көп қажет ететін жобаларда инвестициялардың өсу ауқымы мен қарқынына әсер етеді. Бұл жағдай экономиканың бар құрылымдық ерекшеліктерін, соның ішінде өнімділік және несиелік тәуекелдер мәселелерін көрсетуі мүмкін. Ұзақ мерзімді перспективада бұл инвестициялық саясаттың тиімділігі мен жалпы экономикалық динамикаға қиындықтар туғызады.
Жалпы, ЖІӨ-дегі инвестиция үлесі шамамен 15% деңгейінде сақталып отыр, бұл 2029 жылға қарай үкіметтің 23% деңгейіндегі жоспарынан төмен. Инвестициялық саладағы қазіргі үрдістер макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасауға және экономиканың неғұрлым өнімді секторына инвестицияларды тартуға баса назар аудара отырып, инвестициялық саясатты одан әрі талдау қажеттілігін көрсетеді.