Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.
Brent маркалы мұнайдың бағасы, ЖІӨ, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды.
Осы жылдың мамыр айында сауалнамаға қатысқандар мұнай бағасына қатысты сценарийлік шарттарды қайта қарады. 2025 жылға Brent маркалы мұнайдың медианалық бағасы 75,0-тен 69,3 АҚШ долларына дейін төмендеді. 2026 және 2027 жылдарға арналған күтулер тиісінше 66,0 және 66,2 АҚШ доллары деңгейінде тұрақтанды.
Қазақстан экономикасының 2025 жылға арналған өсу қарқыны бойынша болжамдары 4,7%-тен 5,0%-ке дейін жоғары қарай қайта қаралды. 2026 және 2027 жылдарға арналған күтулер өзгеріссіз қалды – тиісінше 4,5% және 4,3%.
Сауалнамаға қатысқандардың инфляциялық күтулері жоғарылау үрдісін жалғастыруда. 2025 жылға арналған болжам 10,6%-тен 10,7%-ке, 2026 жылға – 9,0%-тен 9,4%-ке, 2027 жылға – 6,1%-тен 6,8%-ке дейін көтерілді.
Инфляция бойынша болжамдардың өзгеруіне байланысты базалық мөлшерлемеге қатысты күтулер де қайта қаралды. 2025 жылдың соңына арналған медианалық болжам 15,9%-тен 16,3%-ке дейін, 2026 жылға – 14,3%-тен 14,5%-ке дейін, 2027 жылға – 11,5%-дан 12,0%-ға дейін көтерілді.
Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 14 ұйым қатысты. Респонденттердің арасында нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер бар.