Жылдан жылға зейнетақы жинақтарының көлемі, сондай-ақ ондағы инвестициялық табыстың үлесі өсуде. 2014 жылдан бастап жинақталған (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) таза инвестициялық табыс 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 11,46 трлн теңге болды (салыстыру үшін - 01.03.2024 ж. 8,83 трлн теңге). 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі жинақталған таза инвестициялық кірістің үлесі жүзеге асырылған төлемдер есебімен бірге 40,3% жетті. Бұл инвестициялық қызметтің зейнетақы жинағын қалыптастыруда алатын рөлінің маңызды екенін көрсетеді (01.03.2024 ж. бұл көрсеткіш 37,4% болды).
«Зейнетақы жинақтары — ұзақ мерзімді инвестиция. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған абзал. Жекелеген кезеңдерде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығына, қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне, сондай-ақ инфляцияның ықпалына байланысты кірістіліктің төмендеуі байқалуы мүмкін», — деп жазады БЖЗҚ.
Еске салайық, қаңтардың 14-не дейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы көтеріліп отырып, 527 теңгеден асқан, артынша қайта төмендер бүгін 501 теңге айналасына оралды. Осы кезде БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының аздап төмендегені әлеуметтік желілерде айтыла бастаған еді. Себебі ондағы қаражаттың бір бөлігі долларда сақталған.
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 22,68 трлн теңгеден асты. Соңғы 12 ай ішінде зейнетақы активтері шамамен 4,18 трлн теңгеге (немесе 22,6%) артты.
Орта және ұзақ мерзімді келешекте зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) табыстылығы қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 наурызға дейін жинақталған инвестициялық кірістілік 962,28% болды, бүкіл кезеңдегі инфляция 851,90% көрсетті.
Кейбір құралдар бойынша алынған кіріс арқылы басқа құралдар бойынша уақытша орын алған шығындарды жабуға мүмкіндік беретін инвестициялық портфельді әртараптандыру зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді келешекте сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді. Соңғы 3 жыл ішіндегі инвестициялық кіріс тұрақты түрде өсіп отырды, зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция деңгейінен асып түсті. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) басқаратын және міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылып, соңғы 12 айда салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің кірістілігі - 13,74%, ал инфляция 9,4% мөлшерінде болды.
Сондай-ақ, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.