Қазақстандықтардың қаржылық әдеттерінде айтарлықтай өзгеріс байқалды. FusionLab зерттеу орталығы Ұлттық банк тапсырысымен жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, халықтың көбірек бөлігі банктегі депозиттерден гөрі қаражатты қолма-қол ұстауды жөн көріп отыр.

Депозиттерге сенім азайып барады

2025 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша респонденттердің 63,5%-ы ақшасын банк депозиттерінде сақтайды, бұл шілдемен салыстырғанда 2,3 пайыздық тармаққа аз. Ал қолма-қол қаражатты таңдағандар үлесі 30,8%-дан 37,2%-ға дейін өсті – бұл кейінгі тоғыз айдағы ең жоғары көрсеткіш.

Инвестиция бағытында да өзгеріс бар: жылжымайтын мүлікке қаржы салғандар – 19% (шілдеде – 17,9%), бағалы қағаздарға инвестиция жасағандар – 6,4% (шілдеде – 8,4%).

Жинағы жоқтардың үлесі көп

Сауалнамаға қатысқандардың 67,2%-ы мүлдем жинақтарының жоқ екенін мойындаған. Шілдемен салыстырғанда жинаққа ие адамдардың үлесі 25,7%-дан 21,8%-ға дейін төмендеген.

Қаржысын сақтайтындар арасында 92,5% – теңгеде, 29,2% – долларда, 8,1% – рубльде ұстайды.

Қаржылық ахуал және табыс деңгейі

Кейінгі бір жылда 42,9%-ының жинағы өзгермеген, 34,9%-ында артқан, 17,6%-ында азайған.

Ай сайын ақша жинай алғандар үлесі бар-жоғы 26,3% болды.

Зерттеу отбасылық табыс құрылымы да қамтыды: 31,9% – айына 150–300 мың теңге, 19,8% – 300–500 мың теңге, 16,5% – 100–150 мың теңге, 9,9% – 500 мың теңгеден жоғары табыс табатынын айтты.