Депозит пайызы рекордтық көрсеткішке жетті

Депозит пайызы рекордтық көрсеткішке жетті

Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелер ғасыр басынан бері ең жоғары шегіне оралды.

Сәуірде екінші деңгейлі банктердің жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 0,4 пайыздық тармаққа өсіп, 14%-ды құрады. Қазіргі деңгей Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2001 жылғы қаңтардан бергі статистика тарихындағы ең жоғары деңгейлердің бірі.

Көрсеткіш соңғы төрт айдың үшеуінде ақша-несие саясатын қатайтудың жаңа циклі аясында өсуде. Еске салайық, базалық мөлшерлеме соңғы уақытта екі рет – желтоқсанда (+1 пайыздық тармақ) және наурызда (+1,25 пайыздық тармақ) көтерілді, қазір ол 16,5%.

Осыған дейін басқа айлардың қорытындысы бойынша да осындай 14% көрсеткіш тіркелгенін нақтылаймыз. 2024 жылы бұл бір рет (қаңтар), ал 2023 жылы бірден үш рет (маусым, қыркүйек, қазан) болды. Бұл ретте, нақтырақ айтсақ, 2023 жылы базалық мөлшерлеме ұзақ уақыт бойы қазіргіден де жоғары деңгейде 16,75% болған.

Сәуірде жеке тұлғалар үшін бір айдан үш айға дейінгі мерзімге теңгемен депозит ашу тиімді болған сияқты: бұл жағдайда екінші деңгейлі банктердің орташа алынған мөлшерлемесі ең жоғары мәнді 15,9% болды. Бұл ретте үш айдан бір жылға дейінгі депозиттер бойынша сыйақы 14%, бір жылдан бес жылға дейін 13,9% болды.

Айтпақшы, заңды тұлғалардан тартылған депозиттер бойынша екінші деңгейлі банктердің орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі де сәуір айында өсті (+0,4 пайыздық тармақ) және 2016 жылдың қаңтарынан бастап максималды көрсеткішке – 15,4%-ға жетті.

Екінші деңгейлі банктердің теңгемен берілген несиелері бойынша орташа алынған мөлшерлемеге келетін болсақ, сәуір айында айтарлықтай өзгерістер байқалған жоқ. Көрсеткіш 0,1 пайыздық тармаққа өсті. жеке тұлғалар үшін де (жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда), заңды тұлғалар үшін де тиісінше 21,5%-ға және 19,1%-ға дейін ұлғайды.