Дәрігерлер жалақысына 50%-ға дейін үстемеақы қосылады

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) ұйымдарының қызметкерлеріне лауазымдық жалақысына қосымша 20%-дан 50%-ға дейін үстемеақы төлеу жоспарланып отыр. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Үстемеақы учаскелік терапевтерге, учаскелік педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне және орта медициналық персоналға беріледі. Оның мөлшері үздіксіз еңбек өтіліне байланысты белгіленеді:

  • 2 жылдан астам еңбек өтілі болса – лауазымдық жалақының 20%-ы;

  • 3 жылдан астам болса – 30%-ы;

  • 5 жылдан астам болса – 50%-ы.

Сонымен қатар, АМСК ұйымдарында халықпен тікелей жұмыс істейтін медициналық емес қызметкерлерге де қосымша ақы қарастырылған. Атап айтқанда, психологтарға базалық лауазымдық жалақының 300%-ы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200%-ы мөлшерінде үстемеақы төленеді.

Үкімет қаулысының жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген. Құжатты қоғамдық талқылау 2026 жылғы 7 желтоқсанға дейін жалғасады.

Министрлік бұл шаралар медицина мамандарының кадрлық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, саладағы маман тапшылығын және кадрлардың тұрақтамауын азайтуға бағытталғанын атап өтті.

Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында 2027 жылдан бастап АМСК ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын көтеру жоспарланғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл шара 77 мыңнан астам маманның табысын арттыруға мүмкіндік береді.