Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.

Онда президент Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін екенін айтты.

«Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек. Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн. 

Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 трлн доллардан 26 трлн долларға дейін пайда әкеліп, 78 млн жұмыс орнын аша алады. 

Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді.

Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек», – деді ол.