Британиялық BAE Systems компаниясының Қазақстандағы еншілес құрылымы — BAE Systems (Kazakhstan) Limited — Air Astana әуе компаниясындағы жаһандық депозитарлық қолхаттарының (1 ЖДҚ = 4 акция) барлық пакетін толық сатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы тасымалдаушы London Stock Exchange-ке хабарлады.

Бір ЖДҚ бағасы $5,1 деңгейінде белгіленген. Бағалы қағаздар шектеулі институционалдық инвесторлар тобына ұсынылады. Барлығы 6,1 млн ЖДҚ (акционерлік капиталдың 6,86%-ы) сатылмақ. Нарықтағы ағымдағы $6,02 бағамен салыстырғанда дисконт 15,2%-ды құрайды.

Мәміле аяқталғаннан кейін сатушы акционер компанияның акциялары мен ЖДҚ-ларына иелік етпейді.

Air Astana бұл шешімді инвестордың басымдықтарының өзгеруімен түсіндірді. Компания мәліметінше, BAE Systems 2001 жылы құрылғаннан бері негізгі серіктестердің бірі болған, алайда қазір оның жаһандық стратегиясында Air Astana басты активтердің қатарында емес. Сонымен қатар, жаңа акционерлердің келуі және еркін айналымдағы акциялардың үлесінің артуы оң фактор ретінде бағалануда.

Осы жаңалық аясында 19 наурызда KASE биржасында Air Astana акциялары 5,7% арзандап, 707,5 теңгені құрады. ЖДҚ бағасы 10,9% төмендеп, $5,87 болды. Ал LSE-дегі бір қолхаттың бағасы $6,02 деңгейінде.

Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында BAE Systems 9 млн ЖДҚ-ды $5,8 бағамен сатқан еді (шамамен 9% дисконтпен). 2024 жылы Air Astana IPO өткізіп, соның нәтижесінде британдық акционердің үлесі 49%-дан азайған.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша акционерлік құрылым:

  • Самұрық-Қазына — 41%
  • BAE Systems еншілесі — 6,85%
  • Citibank (номиналды ұстаушы) — 37,53%
  • БЖЗҚ — 6,5%

Сонымен қатар, 2025 жылы Air Astana-ның таза пайдасы 72,5% төмендеп, $13,6 млн болды.