Қаржылық мониторинг агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан азаматтардың жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де адамдарға қатысты тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.
Зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылған.
Аталған көмек үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған.
Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған.
Жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған.
Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.
Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сонымен қатар жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын берген, күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.
Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.
Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетсек, 15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының «артық» бөлігін тіс емдеуге пайдалана алмайтын болған еді.
Содан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін 1,4 млрд теңге көлемінде 1611 өтінім орындалды. Бұл тамызбен салыстырғанда 5,8 есе көп, ал сома жағынан өсім 7 есеге жеткен. Соңғы 12 айдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда да рекордтық өсім байқалды — тиісінше 7,9 және 9,3 есе жоғары.
Ал қазан айында азаматтардан көз ауруларын емдеу мақсатында зейнетақы жинағынан біржолғы төлем жасау туралы 15,4 мың өтініш орындалды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда шамамен 10 есе көп, ал 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы орташа көрсеткіштен 73 есе жоғары.
«Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге өтінімдер қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Банк осы күнге дейін берілген өтінімдер жұмысқа қабылданатынын мәлімдеді.
Одан кейін халық зейнетақы ақшасын пластикалық операцияға алып жатқаны хабарланған еді. 2025 жылдың қараша айында реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын – яғни, пластикалық операцияларды төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдеріне қатысты 2 277 өтініш орындалған. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады.
Отбасы банк зейнетақы жинағындағы артық ақшаны пластикалық операцияға жұмсауға да тыйым салды.