Бизнесті, мал мен егінді міндетті сақтандыру енгізілмек

Қазақстанда азаматтар мен бизнес үшін міндетті сақтандыру жүйесі кеңейтілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2030 жылға дейінгі сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасын таныстырып, міндетті сақтандырудың тағы бес түрін енгізуді ұсынды.

Қазір Қазақстанда, автосақтандыруды қоса алғанда, міндетті сақтандырудың 8 түрі және белгілі бір қызметпен айналысу үшін талап етілетін 10 сақтандыру түрі бар.

Реформа аясында кезең-кезеңімен жаңа сақтандыру өнімдерін енгізу жоспарланып отыр.

Қандай сақтандыру түрлері пайда болуы мүмкін?

1. Шетелдік туристерді міндетті сақтандыру

Қазақстанға келген барлық шетелдік туристерге елде болған кезеңінде медициналық сақтандыру рәсімдеу ұсынылып отыр. Ол шұғыл медициналық көмек, тасымалдау және елге қайтару шығындарын өтеуі мүмкін.

2. Міндетті агросақтандыру

Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне егінді, малды немесе ауыл шаруашылығы нысандарын сақтандыру міндеттелуі мүмкін.

3. Мүлікті өрттен сақтандыру

Жылжымайтын мүлікті өрт, жарылыс және өртті сөндіру кезінде келтірілген тікелей залалдан сақтандыру ұсынылады.

Бірінші кезеңде бұл талап адамдар көп жиналатын нысандарға, кейін жалға берілетін жылжымайтын мүлікке қолданылуы мүмкін.

4. Шағын және орта бизнесті сақтандыру

Кәсіпкерлердің өз қызметі барысында адамның өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірген зияны үшін жауапкершілігін сақтандыру ұсынылып отыр.

Бірінші кезеңде бұл мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын кәсіпкерлерге, кейін қоғамдық тамақтану орындарына қатысты болуы мүмкін.

5. Табиғи апаттардан сақтандыру

Бұл бағыт бойынша жұмыс қазірдің өзінде заң жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Жер сілкінісі, су тасқыны, көшкін және орман өрттері сияқты табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру қарастырылған.

Зардап шеккендерге төлем жасау және жарналарды жинау үшін «Қазақстанның өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ еншілес ұйымы базасында міндетті тұрғын үй сақтандыру қорын құру ұсынылған.

Сақтандыру бағасы қалай өзгереді?

Реформа міндетті және жүктелген сақтандыру жүйесін бір модельге біріктіруді көздейді.

Жаңа жүйеде мемлекет сақтандырудың негізгі ережелері мен кепілдіктерін белгілейді. Ал экономикалық жағдайға байланысты нақты параметрлерді жекелеген нормативтік актілер арқылы реттеу ұсынылады.

Сонымен бірге міндетті сақтандырудың бағасы барлық компанияда бірдей болмауы мүмкін.

Бағаның шекті деңгейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жанындағы тәуелсіз орган – орталық актуарий анықтайды. Ал сақтандыру компаниялары белгіленген тарифтік дәліз шегінде клиенттің жеке тәуекелін ескере отырып, сақтандыру құнын есептейді.

Яғни болашақта бір сақтандыру түрінің бағасы клиенттің тәуекел деңгейіне, сақтандыру шарттары мен пакетіне қарай әр компанияда әртүрлі болуы мүмкін.

Алайда туристерді, агробизнесті, мүлікті және ШОБ-ты міндетті сақтандыру әзірге ұсыныс деңгейінде. Оларды енгізу кейінгі кезеңдерде қарастырылмақ.