12 наурыздан бастап Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен (ЕШЕБЖ) жұмыс істеу кезіндегі бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік туралы түзетулер күшіне енеді, деп хабарлайды Uchet.kz.
2026 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс берушілерге келесі жағдайлар үшін айыппұл салынады: еңбек шарттары туралы ақпаратты жүйеге енгізбегені немесе уақытылы енгізбегені үшін; ақпаратты толық көлемде бермегені үшін; жүйеге жалған мәліметтер енгізгені үшін.
Жүйеге келесі деректерді енгізу міндетті: қызметкердің ЖСН-і; жұмыс берушінің ЖСН немесе БСН-і; лауазымы мен еңбек функциясы; жұмыстың орындалатын орны; еңбек шартының мерзімі; жұмысқа кіріскен күні; еңбек шартының жасалған күні мен нөмірі.
Егер осы тармақтардың біреуі болмаса, бұл жауапөа тартуға негіз болады.
Жаңа еңбек шарты қол қойылған сәттен бастап 5 күннен кешіктірілмей енгізілуге тиіс. Өзгерістер мен толықтырулар — 15 күнтізбелік күн ішінде; жұмыстан босату (шартты бұзу) — 3 жұмыс күні ішінде; егер қате кетсе, оны 30 жұмыс күні ішінде түзетуге болады.
Деректерді енгізуге жұмыс беруші немесе бұйрықпен тағайындалған жауапты қызметкер жауапты. Мұндай бұйрықтың болмауы жұмыс берушіні әкімшілік айыппұлдан босатпайды.
Бірінші рет бұзғандар үшін айыппұл мөлшері:
лауазымды тұлғаларға – 30 АЕК (129 750 теңге);
шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (259 500 теңге);
орта бизнеске – 80 АЕК (346 000 теңге);
ірі бизнеске – 150 АЕК (648 750 теңге).
Бір жыл ішінде қайталанса:
лауазымды тұлғаларға – 60 АЕК (259 500 теңге);
шағын бизнес пен КЕҰ-ға – 80 АЕК (346 000 теңге);
орта бизнеске – 100 АЕК (432 500 теңге);
ірі бизнеске – 200 АЕК (865 000 теңге).
Еңбек министрлігінің дерегінше, 22 қаңтардағы жағдай бойынша жүйеде 6,3 млн-нан астам еңбек шарты тіркелген (жалпы санның 91%-ы).