Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев туристік дестинациялардың көлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтардың тез жету мүмкіндігін арттыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Әуе қатынасы: биыл Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Венаға, Римге және Шанхайға рейстерді қосқанда 15 жаңа халықаралық маршрут ашылады.

Теміржол тасымалы: парк 191 жаңа вагонмен толықтырылады. Жазғы кезеңде 13 қосымша маршрут іске қосылады, бұл 400 мың қосымша орынды қамтамасыз етеді.

Автожолдар: Жаңаөзен – Кендірлі және Өскемен – Катонқарағай бағыттарын қоса алғанда, негізгі көрікті жерлерге апаратын 5 мың шақырым жол жөнделіп жатыр.

«Танымал бағыттарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, Алакөл көліне Астанадан, Алматыдан және шығыс өңірлерден 8 қосымша пойыз қосу көзделген. Сонымен қатар, біз жол бойындағы сервисті дамытып жатырмыз: 2026 жылы 50 жаңа нысан салу жоспарлануда. Бұл шараларды жүзеге асыру жол жүру уақытын қысқартады және туристер үшін жайлылықты арттырады», — деп атап өтті министр.