Еліміздегі су ресурстарының ең ірі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы саласы, оның үлесіне жалпы су пайдаланудың 60 пайыздан астамы тиесілі. Ауыл шаруашылығына жыл сайын бөлінетін 15 текше километр судың шамамен 12 текше километрі тұрақты суаруға жұмсалады, оның 98 пайызы еліміздің бес оңтүстік облысына – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Бұл туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.
Көктемгі ауа-райының қалыптан тыс жылы болуына байланысты қазіргі вегетациялық кезең орташа жылдық мерзімдермен салыстырғанда 20 күнге ерте басталды.
Қазіргі вегетациялық маусымның ерекшелігінің бірі – вегетация алдындағы кезеңде топырақ ылғалдылығының жеткіліксіздігі болды. Бұл фактор оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50% артты. Бұл суармалы көздерге қосымша жүктеме түсіріп, алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларда 26 млрд м³ су жиналған.
Ал, 6 мамырдағы жағдай бойынша Алматы және Жетісу облыстарындағы ірі су қоймаларының толымдылығы жобалық сыйымдылықтың 99%-ын құрады, бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда шамалас. Осыған байланысты аталған өңірлерде суару маусымының тұрақты өтуіне байланысты қандай да бір тәуекелдер болжанып отырған жоқ.
Жамбыл облысында су қоймаларының ағымдағы толымдылығы жобалық көлемнің 90,3%-ын құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43 млн м³-ге артық. Алайда, қыс-көктем мезгілінде жауын-шашын тапшылығы есебінен ағынның азаюына байланысты Теріс-Ащыбұлақ пен Бүркітті су қоймаларында су көлемінің төмендегені байқалады.
Су тапшылығы тәуекелдерін азайту мақсатында Шу-Талас су шаруашылығы жөніндегі комиссиясының 2025 жылғы 25 сәуірдегі 35-отырысында вегетациялық кезеңге арналған су беру кестелері бекітілді. Көрсеткіштерге сәйкес, Шу өзені бойынша болжанған ағыс көлемі – 180 млн м³, Талас өзені бойынша – 400 млн м³ құрайды. Аталған көлемдер қамтамасыз етілген жағдайда, суару маусымын өткен жылғы деңгейде өткізу мүмкін болады.
Арал-Сырдария бассейні бойынша Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының болжамды кестесіне сәйкес, 1 сәуірге Шардара су қоймасына келетін су көлемі 10,9 млрд м³ деңгейінде күтілген, нақты түскені – 12,6 млрд м³, яғни болжамнан 1,7 млрд м³ артық.
Вегетация кезеңіне Шардара су қоймасына шамамен 3,7 млрд м³ көлемінде су келімі көзделген.
Межелі түрде тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, мамыр айында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри-Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режимі бойынша үшжақты кесте бекітіледі деп күтілуде. Аталған құжат шеңберінде Қазақстанға вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн м³ су жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Түркістан және Қызылорда облыстарында тәуекелдер сақталуда: 6 мамырдағы жағдай бойынша бассейндегі су қоймаларының орташа толымдылығы 75%.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында Министрлік өткен жылдың қазан айынан бастап вегетацияаралық кезең мен көктемгі тасқын кезінде жалпы көлемі 15,7 млрд м³ суды көлдік жүйелер мен жайылымдық және шабындық алқаптарға бағыттау жұмыстарын жүргізді.
Мысалы, Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданы аумағына 1,5 млрд м³ су ағызылды.
2025 жылдың басынан бері Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 3,8 млрд м³ су жіберілді.
Бұл ретте, Қазгидрометтің мәліметі бойынша, алдағы вегетация маусымында еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшылығы болады.