2025 жылғы қаңтар–тамыз айларында негізгі және жалпы орта білім беру саласына республикалық бюджеттен 700 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артық. Мұндай көлем кейінгі бес жылда алғаш рет тіркеліп отыр.
Кейінгі екі жыл қатарынан көрсеткіш ерекше қарқынмен өсіп жатыр. 2024 жылғы сегіз айда да өсім 2,6 есе тіркелген еді. Ал жыл қорытындысында 2023 жылмен салыстырғанда 4,2 есе артып, 820 млрд теңгеге жуықтады.
Нәтижесінде 2024 жыл толық және 2025 жылдың сегіз айы ішінде мектеп инфрақұрылымына 1,5 трлн теңгеден астам қаржы бағытталды.
Бұл серпін тікелей «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен байланысты. Жоба оқушы орындарының тапшылығын шешуге тиіс болған. Негізгі іске қосу мерзімі 2023 жылдың басы деп жоспарланса да, іс жүзінде кешігіп басталған.
Сарапшылардың айтуынша, жобаға кедергі болған негізгі факторлар — бюрократия, жемқорлық тәуекелдері, әкімдіктердің баяулығы және мердігерлердің алаяқтық әрекеттері.
Алғашқыда жобаны қаржыландыру көлемі 2,6 трлн теңге деп белгіленген. Кейін бұл сома 1,49 трлн теңгеге дейін қысқартылды. Оның ішінде 2023–2024 жылдарға 1,14 трлн теңге, ал 2025 жылға небәрі 0,35 трлн теңге жоспарланған. Ресми құжаттарға сәйкес, жоба биыл аяқталуға тиіс.