2026 жылы Қазақстанда 11 мың шақырымнан астам жол салынады және жөнделеді, деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Оның 2,3 мың шақырымы құрылыс және реконструкциялау жұмыстарына, 5 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеуге, ал тағы 4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жол желісін дамыту жобаларына бағытталады.
2026 жылы құрылыс пен реконструкциялау бойынша негізгі жобалардың қатарында Ұлытау облысы аумағындағы ұзындығы 208 шақырым болатын Қызылорда – Жезқазған автожолындағы жұмыстарды жалғастыру, жалпы ұзындығы 896 шақырымды құрайтын «Орталық – Батыс» жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ 232 шақырымды құрайтын Ақтөбе – Ұлғайсын, 572 шақырымдық Қарағанды – Жезқазған және өзге де бағыттар бойынша жобалар бар.
Бүгінгі күні барлық жоспарланған іс-шаралар мен қажетті техникалық-экономикалық негіздемелер алынды, жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде, қажетті қаржы көзделген», — деп атап өтті Мақсат Қалиақпаров.
Ірі елді мекендерді айналып өтетін жолдар салынады және реконструкцияланадя. Атап айтқанда, Сарыағаш, Қызылорда, Петропавл және Рудный қалаларының айналма жолдары бойынша жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Рахман қайнарларына апаратын жолды, сондай-ақ Петропавл – Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы учаскесін қоса алғанда, туристік және шекаралық бағыттарды дамыту жұмыстары жалғасады.
Күрделі және орташа жөндеу жобаларын жүзеге асыру шеңберінде 2026 жылы Жезқазған – Петропавл, Атырау – Орал, Жаңаөзен – Кендірлі, Мұқыр – Құлсары, Макинск – Ақсу – Торғай және тағыда басқа бағыттарда жол жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Жергілікті жол желісі бойынша Ақтау – Форт-Шевченко, Түркістан – Шәуілдір, Чапай – Сайқын жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ Семей қаласында автогужевтік көпір құрылысын жалғастыру көзделуде.