2026 жылы екі жаңа теміржол желісі — Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал учаскелерін пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

«Қызылжар – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал жаңа темір жол желілерінің құрылысы, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған Алтынкөл – Жетіген, Жезқазған – Сексеуіл учаскелерін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Нысандар биыл салынып бітеді», — деді министр.

Ұзындығы 366 шақырым болатын Мойынты – Қызылжар учаскесінің құрылысы ауқымды «Трансқазақстандық теміржол дәлізі» жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Жоба желінің өткізу мүмкіндігін арттыруға, Қазақстан арқылы өтетін жүк транзитін оңтайландыруға және еліміздің аймақтағы маңызды логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған.

Ал ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Жоба аясында Қазақстан-Өзбекстан шекарасында жаңа өткізу пункті ашылады. Жаңа желі оңтүстік аудандарды Қазақстанның негізгі теміржол желісімен тікелей байланыстырып, Сарыағаш станциясының жүктемесін жеңілдетеді. Сондай-ақ, Ресей мен Қытайдан Орталық Азия елдеріне келетін транзитті қайта бөлуге және Өзбекстанға экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді.